Polisia.kz таратқан ақпаратқа сай, тергеу барысында олардың қылмыстық әрекеттері Шымкент, Түркістан және Тараз қалаларында жүзеге асырылғаны анықталды.
Топтағы рөлдер нақты бөлінген. Оның ұйымдастырушылары үш апалы-сіңлілі болып шықты. Олар сенімді адамдарымен бірге қылмыстық әрекеттерді үйлестірген. Қорқыту мен бопсалау, “айыппұлдар” арқылы қыздарды синтетикалық есірткі қолдануға және ақылы (кейде әртүрлі тауар үшін де) жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген.
Топтың кейбір мүшелері жас әйелдер мен қыздарды іздеумен айналысқан. Олармен танысып, сеніміне кіре отырып, осы “іске” тартқан. Белгілі болғандай, қыздарды әлеуметтік желі арқылы Қарағанды, Семей, Атырау, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалалары мен Түркістан облысынан тапқан. Билет сатып алу мен тұруға кеткен шығынды қылмыстық топтың ұйымдастырушылары төлеген.
Топтың басқа мүшелері “әкімші” және “кассир” рөлін атқарды. Олар қыздардың тәртібін қадағалап, есеп пен касса жүргізіп, интернеттегі жарнамалар арқылы табылған “клиенттерді” қабылдап отырған. Қылмыскерлердің тапқан табысы, бүгінгі ақпарат бойынша, шамамен 150 миллион теңгені құрайды.
Жыныстық сауданың құрбандары арасында 17 мен 25 жас аралығындағы 14 қыз бар, оның ішінде 6-ы кәмелетке толмағандар. Қыздарды жалдамалы пәтерлерде ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бірқатар жағдайларда күдіктілер қыздарды өзімен бірге ертіп, қонақүйлер мен сауналарға апарған.
Қыздар туған-туыстарын тыныштандыру үшін ата-аналарына бала күтуші болып жұмыс істейтіндерін айтқан. Кейбір жағдайларда ұйымдастырушылар қыздардың ата-аналарымен кездесуге барып, өздерін “бала күтушіге жұмыс беруші” сияқты көрсеткен. Барлығы 11 адам ұсталды, олар қазір Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда.
Осы факті бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде:
2 дерек – ҚК-нің 262-бабының 1, 2-бөлігі (Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу),
5 дерек – ҚК-нің 128-бабы (Адам саудасы),
5 дерек – ҚК-нің 134-бабы 3-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту),
2 дерек – ҚК-нің 308-бабы (Жезөкшелікке тарту),
3 дерек – ҚК-нің 309-бабы (Притон ұстау мен жеңгетайлық),
1 дерек – ҚК-нің 297-бабы (Есірткі заттарын алу, сақтау, тасымалдау) бойынша.
Тергеу жалғасуда.