Қызылордада жалпы республикалық жұмыс берушілер күні өтті

Кеше Қызылорда облыстық білім басқармасының бастамасымен Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжінде «Жұмыс беруші күніне» арналған қорытынды жиын өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің тұжырымдамасына сәйкес өткізілген жиынға облыс әкімінің орынбасары Н. Сақтағанов, басқарма басшысы М. Шермағанбет, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры П. Сыздықов, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Е. Раимов және облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен жұмыс беруші мекеме басшылары қатысты.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Шараның мақсаты – кадрларды даярлау сапасын көтеру және жұмыс берушілермен ынтымақтастық байланысты арттыру.

Еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман болу – қазіргі заман талабы. Бүгінде облыстағы колледждерде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Дуалды оқыту бойынша 216 жұмыс беруші кәсіпорынмен келісім-шарт жасалған. 24 колледжде 87 мамандық негізінде 3114 студент білім алуда.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы шараға қатысушыларды құттықтап, жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекеме басшыларын Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрінің, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Жиында өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Ерлан Қаниұлы, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Айтбайұлы оқу орындары мен әлеуметтік серіктестік мекемелердің атқарған жұмыстарына қолдау білдіретінін жеткізіп, мекеме басшыларын марапаттады.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жалпы «Жұмыс беруші күніне» арналған шара облыс бойынша барлық колледжде өткізіліп, оған 112 жұмыс беруші мекеме қатысты. Нәтижесінде кәсіпорын мен колледждер арасында 25 меморандум жасалды.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қызылорда Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: