Депутаттар "Қызылжар" атауын қолдайтынын, тіпті өздері солай атайтынын жеткізді. Ерлан Саировтың пікірінше, азаматтар еркін түрде "Қызылжар" дей берсе, әбден болады. Себебі жазушыларымыз Кеңес дәуірінде-ақ осы мәселеде еркін болған.
"Мен өзім Қызылжарды ес білгелі "Қызылжар" деп атаймын. Өйткені кеңес жазушылары, мысалы, Қызылжарда туған Сәбит Мұқанов "Қызылжар" деп өлең жазған. Оған қоса Мағжан Жұмабаев бар. Олар Кеңес кезінде Петропавлды "Қызылжар" деп атаған. Сондықтан кеңестің кезінде бүкіл қазақ жазушылары осы атауды еркін пайдаланған. Сондықтан меніңше, азаматтар бүгін өздері солай атай берсе болады. Мысалы, мен "Қызылжар" деймін. Ерлан Саиров
Дегенмен депутаттар мұндай бастаманы өңір халқы өзі көтеруі керек деп есептейді. Себебі Ерлан Саировтың сөзінше, парламент деңгейінде заң бойынша мұндай ұсыныс жасалмайды. Заң бойынша бұл мәселе сол жергілікті мәслихат құзыретінде.
"Атауын ресми өзгертуге келсек, ол жергілікті мәслихаттың құзыретінде. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүретін болғасын әр қадамды құқықтық дәрежеде шешу керек. Бұл сол жердегі жергілікті облыстық немесе қалалық мәслихаттың шешімі болуы керек. Сол депутаттар өзі жергілікті халықпен келісіп, шешім қабылдауы керек. Парламент деңгейінде заң бойынша ондай ұсыныс жасалмайды. Заң бойынша бұл мәселе сол жергілікті мәслихат құзыретінде болады", - деді Ерлан Саиров.
Ол Павлодарға да қатысты ойын білдірді.
"Менің нақты ұстанымым бар. "Кереку" деген өздеріңіз білесіздер, келмейді. Себебі ол – көпес. Мысалы, Қаныш Сәтбаев бар, Шәкен Айманов бар. Сондай дұрыс атауларды да пайдалануға болады деп ойлаймын. Бұл да - сол жергілікті мәслихаттардың, жергілікті қоғамның жұмысы", - деп аяқтады сөзін депутат.
Сонымен қатар депутат Ермұрат Бапи де Петропавлды "Қызылжарға" ауыстыратын кез келді деп санайды. Оның пікірінше, сырттан әсер еткенше, қаланың өзінде осы мәселе қоғамдық негізде көтерілуі керек.
"Әлбетте, бұл халықтық тұрғыдағы мәселе болып жатыр ғой. Меніңше, осы бастама аяқсыз қалмауы керек. Соңына дейін жүзеге асып, оған бір қауым жиналып, биліктің алдына осындай нақты мәселе қойылуы керек. Осы сауалды парламентте көтеруге болады, әлбетте. Негізінде қаланың өз тұрғындары бастама көтеруі керек. Былай сырттан әсер еткеннен гөрі қаланың өзінде осы мәселе қоғамдық негізде жүзеге асса, мыңдаған қол жинап, парламентте қозғаса, оны орындауда ешқандай проблема жоқ", - деді Ермұрат Бапи.
Қызылжар — Петропавл қаласының кең қолданылып жүрген қазақша атауы. Қаланы дәл осылай Сәбит Мұқанов жергілікті жердің эливі қызыл топырақты болғандықтан атады деген түсінік бар.