Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумында еліміздің бас қаласының аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны 4 есе өскеніне тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Орнықты даму саласындағы БҰҰ мақсаттарының бірі қаланы дамытуға арналған. Бұл кездейсоқ емес. Қазақстанда біз осы бағытқа ерекше назар аударамыз. Әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретін елордамыз басқа қалалардың дамуына үлгі болады. Өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны 4 есе өсті." Президент

Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды.

"Алайда үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейді. Менің ойымша, мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде біз "адам қала үшін емес, қала адам үшін" қағидатын басшылыққа аламыз." Қасым-Жомарт Тоқаев

Адамға бағдарланған мұндай ұстаным мүлде басқа стратегиялық мақсатты көздейді. Қала әкімдігі, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен қажетін басшылыққа алады. Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе, деп ойын жеткізді президент.

"Біз бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру жолын таңдадық және осы бағытта дамып келеміз. Сондықтан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақтастыққа негізделген инклюзивті дамуға айрықша мән береміз". Мемлекет басшысы
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: