Бұған құзырлы органдар тарапынан жүргізілетін тексерістің жиілеуі себеп, деп жазады qazaqstan.tv.
Осылай деген рестораторлар бизнесті тексеруге мораторий жариянғанымен үздіксіз қадағалау тыйылмай тұр дейді.
Кәсіпкер Темірлан Сұлтанғалиев 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ жуырда жұмысшылар санын екі есеге қысқартпақшы. Өйткені дәмханадан түсетін табыс едәуір азайған. Оған себеп құзырлы органдар тарапынан тексерістің жиілеп, келушілер саны күрт төмендеген.
"Аптасына төрт рет арнайы жедел әрекет ету жасағы келіп, музыкалық құрылғыларды тоқтан ажыратып, келушілерді жұлқылап, далаға қуып шығады. Бізге тек профилактикалық тексеріс деген сөзден басқасын айтпайды. Себебін сұрап жауап ала алмадық. Қалалық прокуратураға арыз жаздық. Екі аптаға жуық уақыт өтті. Ешқандай шара қолданып жатқан жоқ." Темірлан Сұлтанғалиев, кәсіпкер
Өздері қалаған уақытта еш ескертпестен тексеруге келетіндер полиция мен салық органдары, өрт сөндірушілер мен санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің мамандары екен. Рестораторлар қауымдастығының мүшелері мұның заңсыз екенін алға тартып, прокуратураның араласуын сұрап отыр.
"2024 жылға дейін бизнесті тексеруге мораторий енгізілген. Тұрғындардан арыз, талап түспесе немесе оқыс оқиға орын алмаса құзырлы органдардың мейрамханалар мен дәмханаларды тексеруге құқығы жоқ. Осыған қарамастан өрт қаупсіздігі, кірістер департаменті, құқық қорғау органдарынан келдік деп, беймезгіл тексеріс жүргізетіндер көбейген." Зулфия Юсупова, "Мейрамханалар иелері клубы" қауымдастығының мүшесі
Бүгінде Алматыда 10 мыңнан астам мейрамхана, дәмхана мен қоғамдық тамақтану орны бар. Оларда жұмыс істейтіндердің саны 200 мыңға жуықтайды. Сондықтан бизнестің бұл түрі қала экономикасы үшін өте маңызды дейді, кәсіпкерлер палатасының өкілдері.
"Біздің тарапымыздан егер қандай да бір заңсыз әрекеттер болса, құқық қорғау органдарынан болса, міндетті түрде сол полицейлердің жоғарғы басшыларына өз тарапымыздан хаттар жолдаймыз. Иә, оларды жауапкершілікке тарту туралы егер заңсыз жасалған болса, егерде қандай да бір шешімдер қабылданып жатса заңда онда әрі қарай қорытындысына сәйкес көреміз." Әділхан Нұрхан, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы
Айта кетейік, енді кәсіпкерлер осындай жағдайға тап болып жатса, кәсіпкерлер палатасынан ашылған арнайы орталыққа жүгіне алады. Онда бизнес өкілдеріне құқықтық және қолдау бағытында 800 түрлі қызмет көрсетіледі.