Жаңа әкім өз мәлімдемесін Instagram-дағы парақшасында жариялады.
"Құрметті Павлодар қаласының тұрғындары! Қадірлі жерлестер! Бүгіннен бастап мен Павлодар қаласының әкімі қызметіне кірісемін. Сенім білдіргендері үшін аймақ басшысы Асайын Байханов пен қалалық мәслихат депутаттарына алғысымды білдіремін және артқан сенімдерін ақтауға, туған әрі сүйікті қаламызды көркейту үшін бар күш-жігерімді салуға уәде беремін".Хасар Хабылбеков
Ол өз жұмысында облыс орталығы тұрғындарына жайлы болуы үшін қалалық ортаны дамытуға тырысатынын да баса атап өтті.
"Әріптестеріммен бірлесіп, барлық қалалық қызметтер мен мемлекеттік органдар тарапынан қажырлы еңбекті талап ететін көптеген мәселелерді шешуіміз керек.Мен Павлодар қаласының тұрғындарымен ашық әрі тұрақты байланыста болуға және қалалық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге тырысамын. Сіздерді толғандыратын сауалдар мен ұсыныстарды Instagram әлеуметтік желісіндегі менің парақшама жаза аласыздар. Барлық өтініштер тиісті жауапты тұлғалармен жұмысқа алынады және менің жеке бақылауымда болады. Қаламыз өркендей берсін!". Хасар Хабылбеков
2023 жылы 4 қыркүйекте Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов қол астындағылары арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту бойынша жұмыстарды дұрыс ұйымдастыра білмегеніне, қала тұрғындары үшін облыс орталығын дамыту және абаттандыру жөніндегі маңызды жобалардың іске асырылуына қатысты талап етілетін бақылаудың болмауына, қалалық әкімдіктің Павлодар халқымен байланысының әлсіреуіне байланысты қызметінен босатылды.
12 қыркүйекте Павлодардың қаласына Хасар Хабылбеков әкім болып тағайындалды.