Аққұмдағы 30-дан аса мұғалім жұмысы біткен соң, бірден үйіне қайтпайды. Себебі, электронды күнделік толтыру керек. Оны толтырмаса сөгіс алады, жұмыстан шығарылады. Сондықтан сабақ біте сала, интернеті бар көрші ауылға жүгіреді. Мектепке директор мен қарауылды қалдырып, ұстаздар жаппай көлік іздейді. Біреуі танысымен, енді бірі такси жалдап, 10 шақырым жердегі интернеті бар Алтын төбе ауылын бетке алады. Ноутбугын құшақтаған күйі көбі көшеде отырып, бір күннің жұмысының есебін толтырады. Жауын-шашын кездері таныстарының үйін жағалайды. Ал күн сайын барып келу қып-қызыл шығын, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
"Әзірге бізге оқушылардың интернетке кіруге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан бізде бір нүкте, оның өзі жаңағыдай. Оқушылар тек қана теория жүзінде кітаппен және компютермен жұмыс жасаймыз. Практика жоқ, интернет жоқ. 10 гигабайт дегеніңіз қанша күнге жетеді ол? 10 гигабайтты бізге 30 күнге жоспармен берген. Ол ары барса 34 күнге жетеді. Мәжбүрміз көрші ауылға баруға". Мұғалім Алмасбек Сарман
"Егер адам көп болса, 200 теңгеден шығарамыз. Бір өзің болсаң, мың теңге беремін күн сайын. 500 теңге, мың теңгеден. Таныстар болса, арзан алады. Тоқсанның басында қорытынды есеп жасаймыз. Сонда біз түнгі сағат 12-ге дейін істейміз. Бала-шаға, үйде қараусыз қалады. Не мектепте емеспіз, не үйде емеспіз. "Аққұмның мұғалімдері сыған сияқты жүреді немесе қыдырып жүреді" деп жұрт күледі. "Бұларға рахат" дейді. Бізге рахат емес. Қараусыз бала-шаға. Мектепте отырсақ жақсы емес пе, көп нәрсе істейміз ғой. Уақыттың бәрі жолға кетеді. Қайтарда жаяу-жалпы қайтамыз".
Мұғалім Құралай Қожабергенова
Аудан атқамінерлері Аққұмға орнатылған базалық станса дұрыс қойылмаған дейді. Оны жақсарту бойынша облысқа да бірнеше мәрте хат жолданыпты. Әзірге нәтиже жоқ. Сондықтан шенеуніктер шалғайдағы ауылға талшықты оптика желісін тарпайынша, интернет мәселесі шешілмейді деп отыр.
"Құдай қаласа, биыл және ағымдағы жылы және ендігі жылы оптика желісін жүргізеді. Сол кезде негізгі стансаның сапасы жақсарады деген үміттеміз, интернет желісінің. Егер оптика жүргізген кезде оптика желісін тарту арқылы модернизация жасап, 4G байланыс желісіне қосуға мүмкіндік болады". Қазығұрт ауданы әкімдігінің ұйымдастыру инспектор бөлімінің бас инспекторы Ерсайын Нұрлыбек
Аққұм ауылында интернет келер жылға дейін болмайды. Сондықтан мұғалімдер электронды күнделікті толтыру үшін күн сайын көрші ауылға қатынауына тура келеді.