Үш баланың анасы Асылжанқызы Мерекенің сөзінше, баланың болашақ өмірінде отбасының орны зор.
"Үш бала тәрбиелеп отырмын. Қазірден бастап балаларымның бойына дін, діл деген нәрсені сіңіріп өсіргім келеді. Бала – ата-ананың айнасы. Бала айтқанды емес, көргенді істейді. Сондықтан олар ұлтжанды, дінді құрметтейтін тұлға болып қалыптасуы үшін өзім де, әкелері де отбасылық кешкі астарда танымдық бағытта әңгіме жүргіземіз. Рухани бай, иманды, білімді болып өсуі үшін баланы білімге құштар етіп өсіру керек. Ол қарапайым сабақтарын қадағалаудан басталады. Бала не көреді, не оқиды, болашақта соның бәрі рухани дүниетанымын құрайды", - дейді Мереке.
Ал Алматыдағы діни мектептердің бірінде оқыған атын атамауды өтінген Ж. есімді жігіттің сөзінше, ата-анасы кішкентай кезінен бастап оны діни мектепке өткізген.
"Әрине, бәрі жақсы, - дейді ол, - Алайда сол кезде менен ешкім ештеңе сұраған жоқ. Ата-анамның ниетін жақсы түсінемін. Діни білімі терең, иманды жан болсын деген шығар. Алайда менің араласатын ортам өте аз, ол жақта мінсіз адам боп қалыптастым дей алмаймын. Шылым, ащы су дегендерден аулақ екенім ақиқат, алайда, сол бір шеңберден шықпай қалған тұйық адам боп өстім. Әлі күнге өзімді таба алмай келемін. Оның үстіне ата-анамнан жырақта өскен соң, отбасы жылулығын аңсағанымды да жасырмаймын. Үйленер шақта ата-анаммен бірге тұруым керек. Әу бастан әке-шешемнен бөлек жүріп қалған маған бұл нәрсе оңай болмай тұр. Тек білімге акцент қою дұрыс емес, баланы тіл табысуға, адамдармен араласуға, мүмкіндік іздеуге де үйрету керек деп ойлаймын. Жасым отыздан асса да өз бойымдағы нашар қасиеттеріммен күресіп келемін", - дейді Ж.
Психолог Сая Бақимованың сөзінше, рухани құндылық дегеніміз – күнделікті өмірдің өзі.
"Балаға рухани құндылықтарды үйрету деген өте бір үлкен тақырып болып естілгенмен, оны бір сондай ауыр жұмыс деп, атынан қорқып қалмау керек. Бұл – баланың күнделікті тәрбиесі, күнделікті әңгіме. Діни тәрбие әр отбасының өзінің ішінде шешіледі - ата-ана өзі қандай балаға соны береді. Бірақ менің ескерткім келетіні адамның миы ұзақ қалыптасады, ол толыққанды моральдық, ар-ұят түсініктерін шынымен терең түсініп шығам дегенше 30 жыл өтуі мүмкін. Әрине оған дейін мораль дегенді білмейді деген сөз емес, бірақ жасөспірім кезінде адамға көбіне түрлі идеалдар тән, ал одан да кішкентай балаларға өзінің моральдық кодексінен бұрын - ата-анаға ұнау, оларға ұқсау, олардан мақтаныш алу маңыздырақ. Мысалы үлкенім кішкентайға су ішуге көмектессе, ол үлкен адамның көмегінен басқа екенін білемін. Үлкен адам өзі көмектеседі, іштей өзі біледі көмектескенін, сол ішкі сезімінен өзі рахаттанады иә. Ал бала біреу үшін істейді, "мама, мен су бердім" дейді. Оған бірінші өзіне сүйсініп қараған біреудің көзқарасы, бағасы керек. Егер мен осындай кішкентай балаға мораль, ұят, ар, туралы лекция, бұл сенің бауырың, сен оған көмектес десем оның мәні жоқ. Балада әлі ондай терең абстракцияны қабылдайтын мүмкіндік жоқ", - дейді Сая.
Психолог баланың тәрбиесіне басты жауапты адам – ата-ана екенін еске салды.
"Кішкентай балаларды кейде басқа жаққа жіберіп діни білім береді, жасөспірімдерді үйінен алысқа жіберіп қандай да бір идеяларға үйретпекші болады. Бала тіпті сол идеяларды айтып, жаттап шығуы мүмкін, бірақ ол әлі өзінікі емес, кейде тұлға қалыптаса келе сол нәрсені шынымен қабылдауы мүмкін, ал кейде керісінше сол кезден әрі дамымай, тек жаттанды идеялардың қоршауында, біз оны Өтірік-Мен дейміз, сөзі мен ісі екібасқа болып өсуі мүмкін. Сондықтан ата ана ескеруі тиіс - мен өзім айналыспай, баламды бір жаққа жіберем, сол жақта оны адам қылып шығарады, бәрін үйретеді деген – өзін алдау", - деп түйіндеді сөзін Сая Бақимова.
Автор: Мейіргүл Оңғарова