Дәстүрлі садақ ату спорты мемлекет қолдауына мұқтаж

Елімізде аз уақыттың ішінде трендке айналып үлгерген дәстүрлі садақ ату спорты мемлекет қолдауына мұқтаж. Бекзат өнердің шырағын маздатқан мергендер, жоқтан бар жасап жүрміз деп налиды. 5 жыл бұрын федерация құрылғанымен, ұлттық құраманың қаржылық жағдайы оңбай тұр.

Арнайы жасақталған залдың болмауы да мәселені одан бетер ушықтырып жіберген.

Жазираның атқан жебесінен қайсарлықтың нышаны жарқ етеді. Қаршадай қыздың сүйріктеу саусағы, иілуі қиын адырнаны бұйым көріп тұрған жоқ, деп жазады qazaqstan.tv.

Дәстүрлі спортты жанына серік еткеніне бір жыл енді ғана болды. Жетістігі таудай. Ел біріншілігінен чемпион, ал халықаралық сайыстан күміс еншіледі. Ұлттық құрама сапында жүр. Мерген шетелге шығып, біліктілігін шыңдағысы келеді. Оның бұл мақсатына мардымсыз қаржыландыру тұсау салып тұр.

Негізінде мергендер қаржылық жағынан қиналып қалады көбіне. Жолға келген кезде. Біреуі ұшақпен, біреуі пойызбен барады деген сияқты ғой. Ол төленбейді. Әркім өз қалтасынан шығарады көбіне. Шетелге шығып тәжірибе алғымыз келеді. Біз тек өзіміздің жерімізде ғана дайындаламыз. Жазира Ерболатқызы, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі

Елде Жазира сияқты дәстүрлі садақ ату өнерін кәсіби меңгерген 2 мыңдай мерген бар.Тағы 5 мыңға жуық адам әуесқой бағытта шыңдалып жүр. Әлі күнге арнайы жабдықталған зал жоқ. Ұзынды 70-80 метрлік кешендер керек. Бұл тапшылық оқу-жаттығудың сапасын ақсатады.

Студенттеріміз, оқушыларымыз күн сайын жаттығуға келгенде 2 мың теңге төлеп кіруі керек. Себебі біз залды арендаға аламыз. Залдың бәрі арендада. Оның ішінен өз қалтамызға ешқандай ақша салмаймыз, федерация ретінде. Неғұрлым әуесқой спорттың өкілдері көп болса, со құрлым ұлттық құраманы жасақтауға мүмкіндік болады бізде. Айым Тілепберген, республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы вице-президентінің кеңесшісі

Қазір елде 15 федерация тіркелген. Ұлттық құрама сапында құралайды көзге атқан 36 мерген бар. Олар садақ пен жебені көбінде шетелден алдыртып жүр.

Түрлі кедергіге қарамастан садақшылар байрақты бәсекелерде үздік нәтиже көрсетіп жүр. Қазір олар аядай тар жерде келер жылы өтетін 5 дүниежүзілік көшпенділер ойынына тынбай дайындалып жатыр.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: