АИТВ инфекциясы анықталған барлық үш науқас ЖИТС орталығының диспансерлік есебіне алынды. Олар жеке емдеу схемасы бойынша антиретровирустық препараттармен қамтамасыз етілген, оларға барлық қажетті медициналық көмек тегін көрсетіледі.
"АИТВ-ы анықталғаннан кейін ауру жұқтырғандар арт-терапия, динамикалық бақылау сынды тиісті ем-шараларын алып отыратын болды. Яғни, барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі. Бүгінгі күні олардың тарапынан дертіне шағымдану болған жоқ. Инфекцияның жұғу себебі белгілі, олар зарарсыздандырылмаған құралдар арқылы медициналық көмек көрсету кезінде инфекция жұқтырған". Бауыржан Байсеркин
Аурухананың медициналық қызметкері жұмыстан босатылып, ал бас дәрігер Нариман Табынбаев жұмыстан шеттетілді.
"Эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда, біз АИТВ инфекциясының алдын алу қызметі ретінде дер уақытында шаралар қабылдадық, сондықтан орын алған үш жағдаймен шектелдік. Өйткені бізде эпидемиологиялық бақылау базасы бар, ол арқылы медициналық көмек көрсету кезінде осы факторлардың бір медициналық мекемеде болғанын салыстыруға және одан әрі инфекцияны болдырмау және оны тікелей орнында оқшаулау үшін уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді". Бауыржан Байсеркин
Сонымен қатар, дәрігер соңғы жылдары аурухана ішінде АИТВ инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелмегенін айтады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда диспансерлік есепте 30 мыңнан астам адам тұрады, Алматыда 4 мыңға жуық адам бар.
2023 жылы 14 маусымда Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында АИТВ инфекциясын жұқтырудың үш жағдайы анықталғаны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы ауруханада инфекцияның таралу көздерін анықтау бойынша тергеу жүргізді. Сондай-ақ, тексеру қорытындысы бойынша Алматы ОКҚК басшысы Нариман Табынбаев қызметінен босатылды.