Алматыда 1-3 ақпан аралығында өтіп жатқан іс-шарада мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы цифрлық трансформация тақырыптарын қамтитын ауқымды іскерлік бағдарлама ұсынылған. Панельдік пікірталастарға халықаралық сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес салаларындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден астам спикер қатысуда.
Үкімет басшысы өз сөзінде бүгінде біз жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы, роботтандыру, сондай-ақ адам өміріндегі іс-әрекеттердің цифрлық түрленуінің куәсі болып отырғанымызды атап өтті.
"Мұндай жағдайда тез бейімделу және бірден жаңа шешімдер қабылдау мүмкіндігі жетістікке жетудің маңызды факторына айналады. Бұл өзгерістердің адами аспектісіне ерекше назар аудару қажет", — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, мұндағы бірінші және негізгі бағыт – мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылы кезінде адам қажеттілігіне бағытталған тәсілді қалыптастыру.
"Өткенді еске түсірейік. Құжаттарды қағаз түрінде алу үшін көп уақыт жұмсауға тура келетін. Бүгінде цифрландыру осы үдерістердің барлығын жеңілдетті. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта. Отбасының цифрлық картасы арқасында 6,3 млн қазақстандық отбасының деректері цифрландырылды. Жалпы мемлекеттік қызметтердің 40 түрі проактивті форматта көрсетіледі", — деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысы мемлекет пен бизнес ынтымақтастығының табысты мысалы ретінде коммерциялық банктердің бағдарламалық қосымшаларында мемлекеттік қызметтерді ұсыну екенін атап өтті. Бұл – онлайн-ипотека, автокөлік сатып алу/сату, салық төлеу, жәрдемақы алу және тағы басқа да қызмет түрлері.
Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын жақсарту мақсатында "таза парақтан" реттеу қағидаттары да енгізілуде. Олар тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелеріне негізделген. Бұл бақылау тиімділігін арттыруға және тексерулер санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов атап өткендей, стратегиялық міндет – өтініштерді өңдеуді жеделдету және қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін жасанды интеллектті мемлекеттік қызметтер саласына интеграциялау. Бұл ретте дербес деректерді қорғау үшін қажетті шаралар қабылдануы тиіс.
Үкімет басшысы бүгінде жасанды интеллект элементтері өндіріс саласында, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, денсаулық сақтауда, мемлекеттік қызмет көрсетуде және т.б. салаларда қолданылып жатқанын атап өтті.
"Жасанды интеллектті қолданудың сәтті мысалдарының бірі – CEREBRA медициналық платформасы. Ол сандық технологияны пайдалана отырып, инсультті жылдам диагностикалауға мүмкіндік береді. Өткен жылы Қазақстанда сәтті іске қосылғаннан кейін жоба Өзбекстан нарығына да шықты. Ал бүгінде ұжым оны басқа елдерде де іске қосуға дайын", — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге ол жасанды интеллект құралдарын дамыту үшін ауқымды деректер мен есептеу қуатына қол жетімділікті қамтамасыз ету өте маңызды екенін атап өтті.
"Бізде барлық мемлекеттік органдардың деректерін шоғырландыру және өңдеу тәжірибесі бар. Қазіргі уақытта біз кәсіпкерлер мен стартаптар қауымдастығына жеке тұлға мәліметтері жоқ деректерге қол жеткізуді қамтамасыз ету тетіктерін пысықтап жатырмыз. Жыл соңына дейін біз ғалымдарымызды, ғылыми-зерттеу институттары мен бизнесті қажетті есептеу қуатымен қамтамасыз етеміз", — деп атап өтті Премьер-Министр.
Өңірлік ІТ-экожүйені дамыту мәселесіне тоқталған Әлихан Смайылов өзін инновациялық кластер және стартаптардың негізгі серіктесі ретінде танытқан Astana Hub халықаралық технопаркін мысалға келтірді.
"Қазір біз бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірлерінде белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз", — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Astana Hub сонымен қатар әлемнің жетекші компанияларымен бірлесе білім беру курстары мен зерттеу орталықтарын іске қосып, ірі технологиялық алпауыттардың серіктесі болғанын еске салды.
"Әлемнің әртүрлі бөліктерінде ұқсас экожүйелердің жаһандық серіктестер желісінің болуы маңызды. Өткен жылы біз Кремний алқабында IT-хабын іске қостық. Бұл біздің экспорттаушыларымызға жаңа технологиялар мен капиталға қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, әлемдік IT нарығына шығуға мүмкіндік берді. Мұндай жұмыстар Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс пен Еуропаны қоса алғанда басқа аймақтарда да жүргізіліп отыр", — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының пікірінше, құзыретті және білікті кадрлардың болуы да маңызды мәселе. Бұл міндетті іске асыру үшін Қазақстанда жастарға қысқа мерзімде IT-мамандықтарды игеруге мүмкіндік беретін "TeхОрда" бағдарламасы іске қосылды.
"Нәтижесінде 6 мыңнан астам адам IT-білім алып, салада жұмыс істей бастады, табыстары бірнеше есеге артты", — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге ол республикада Спорттық бағдарламалау федерациясы құрылғанын еске салды. Ал биыл қыркүйек айында Астанада жастар арасында бағдарламалау бойынша әлем чемпионатының финалы өтеді.
Премьер-Министр өнеркәсіп саласында жаңа технологияларды қолдану мәселесіне де тоқталды.
"Икс" индустриясын дамытудың маңызды құралы жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1%-ын ғылыми-зерттеу әзірлемелеріне бөлу болды. Бір мысал – жасанды интеллект көмегімен кеннен алтын алу процесін оңтайландыру жобасы. Мұндай әзірлемелер өндірістік процестерді оңтайландыруға және олардың тиімділігін арттыруға мультипликативтік әсер етеді", — деп атап өтті Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов атап өткендей, Қазақстанның коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында өткен жылы "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы қабылданған болатын. 2027 жылға қарай интернеттің таралуы 100%-ға жетеді деп күтілуде. Осылайша, ауылдық елді мекендерді сапалы байланыспен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биыл шалғайдағы 2 мың ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жоспарлануда.
"5G байланысы іске қосылды, оны қазірдің өзінде еліміздің 20 қаласында 2 миллионнан астам адам пайдаланады. Келесі жылы 8 миллионнан астам адамды 5G байланысымен қамтамасыз ету жоспарлануда", – деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық әлемде жаңа Жібек жолының негізгі қатысушысы болуға ұмтылуда.
"Көршілерімізбен бірлесе отырып, біз Каспий теңізінің түбімен оптикалық байланыс бағытын іске асыруды жоспарлап отырмыз және Парсы шығанағы елдерімен оптикалық байланыс орнату нұсқаларын қарастырып жатырмыз", – деді Үкімет басшысы.
Қорытындылай келе, ол аймақ елдерін жасанды интеллект саласында бірлесіп зерттеулер жүргізу және деректерді өңдеу мен талдау үшін ортақ қажетті инфрақұрылым құру жолында күш біріктіруге шақырды.
"Біз технологиялық шешімдермен, патенттермен және инновациялық идеялармен алмасу үшін цифрлық платформа құруды ұсынамыз. Бұл біздің өзара іс-қимылымызды жақсартып, өңіріміздегі кәсіпкерлер мен зерттеушілерге соңғы технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді", – деді Әлихан Смайылов.
Пленарлық отырыстан кейін Қазақстан, Беларусь, Ресей және Өзбекстан үкіметтерінің басшылары "Digital Almaty Awards" сыйлығымен марапаттау рәсіміне қатысты.