Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы Instagram желісінде қарлы боран мен қар үйіндісі арқылы науқасқа жанқиярлықпен жеткен жедел жәрдем дәрігерлерінің есімдерін жариялады. Ауа-райының қолайсыздығынан жедел жәрдем көлігі оқиға орнына жете алмады, ал дәрігерлер жүрек талмасына шалдыққан адамға көмектесу үшін бірнеше шақырым жерді еңбектеп өткен.
Кез келген ауа-райында, аяз бен боранда, жол жоқ жерде жедел жәрдем бригадалары төтенше жағдайларға қарамастан адамдардың өмірін сақтап қалу қажет миллиондаған шақыртуға қызмет көрсетеді.
Осындай батырлардың қатарында – Хромтау ауданының жедел жәрдем фельдшерлері:
- Құдияров Бауыржан Сұлтанханұлы
- Тілеу Қайрат Берікұлы
- Рысбай Сая Ыбырайқызы.
Олар қар құрсауына қарамастан жүрек ұстамасымен ауыратын науқасқа жетіп, өздерінің асыл кәсібіне адалдықтары мен күш-жігерлерін танытты.
Дәрігерлердің айтуынша, сол жерде кардиограмма жасалып, ұсынымдар берілді, сәтін салғанда пациент емдеуге жатқызуды қажет етпеді.
"Денсаулық сақтау министрлігі Хромтау ауданының жедел жәрдем бригадасы фельдшерлерінің қажырлы еңбегін атап өтеді.Әртүрлі қиындықтарды жеңе отырып, науқастардың өмірін сақтап қалатын барлық медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз", - деп жазылған ресми ақпаратта.
Бұған дейін қалың қарлы боранда қар үйінділері арқылы емделушіге жетіп барған дәрігерлердің әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларын қуантқан болатын.