"Сезін…" - қазақстандық танымал акварелист Әсия Хайруллинаның жеке көрмесі осылай аталады. Экспозиция Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында ашылды.
"Фрагменттер, мозаикалар, сәттердің детальдары, қайталанбас әсерлер секундтары, эмоция мен образдар жан-дүниеме аса жақын. Тек өнер ғана адамдардың әртүрлі болуына, ешқандай стандарт пен ережеге сыймауына мүмкіндік береді", - дейді Әсияның өзі.
Суретшіні әртүрлі құбылыстар мен гүл, пейзаж, сезім, қарапайым заттар сияқты нысандар қызықтырады. Алайда көбіне әйел бейнесін қаламына арқау етеді.
Әсияның көзқарасы бойынша еліміздің әйелдері қандай?
"Қазақстан әйелдері бірдей емес. Әртүрлі, бірегей. Егер ортақ дүниені айтар болсам, меніңше, ол – күш пен салмақтылық", - дейді ол.
Әсияның өз бойында аталған қасиеттер көрініс табады. Суретте, өмірде салмақты болып көрінгенімен, достарының сөзінше, ол – ашық-жарқын, сұлу, кейде қорғансыз әйел.
Суретші-акварелист әйел образы, мүсіні арқылы көңіл-күйді, уақытты, жүрек дүрсілін көрсете біледі.
Жеке көрме – автордың туындылары ғана емес, көрерменге айқара ашылған жүрек пен жан-дүние.
"Менің әлемім, менің кеңістігім, менің сезімдерім мен эмоцияларын өзім сүйіп істейтін жұмыстарымда жатыр! Әрқайсысы осыншама үлкен, қызықты өмір туралы кішкентай тарих", - дейді суретші.
Әсия Хайруллина – ҚР мәдениет қайраткері, ҚР суретшілер одағының мүшесі, IWS Kazakhstan халықаралық акварелистер қауымдастығының мүшесі, "Көпір" суретшілер қауымдастығының мүшесі, Қазақстанның мәдениет және бейнелеу өнері саласындағы халықаралық және қазақстандық жобалар мен көрмелердің авторы және ұйымдастырушысы, Ә. Қастеев атындағы алтын медаль иегері.
Өнертанушы, Т. Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының өнер тарихының, киносынының, шығармашылық психологиясының аға оқытушысы Баян Барманқұлованың сөзінше, Әсия акварель үшін туылған.
"Ол акварель үшін туған. Күш, нәзіктік, бояулардың мөлдірлігі осының бәрі бір парақ қағаздың бетінде тіріледі. Жұмыстарының арасында заттар, интерьер, ландшафт, сюжет, тамаша бейнелердің жиынтығы бар", - дейді ол.
Баянның пікірінше, Әсияға әйел бейнесі жақын.
"Әсия Хайруллина – біздің замандасымыз, әйел, тиісінше, оған әйел бейнесі жақын. Әйелдерге қарағанда еркектің күштірек екені рас. Бірақ әлсіз жыныстың өкілдері өз мәні бойынша күрделі тіршілік иесі екендігі мойындалды. Ежелден бастап ол бір уақытта көптеген түрлі нәрселерді жасауға мәжбүр болды. Ер адам өзіне бір міндет қойып, оны шешуге ұмтылды, ол бизонға барып, олжа әкелді. Ал әйел жаңғақ пен жидек жинады, ошақтың жылуын ұстады, үйді жолбарыстан қорғады, бала бақты. Әйелдің санасы ашық. Мүмкін, бұл соншалықты терең емес шығар, бірақ кең. Әсия Хайруллинаның қаламы тудырған әйел образдары бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, ішкі дүниесі күрделі. Бұл әлем Мариана ойпаты емес, Тынық мұхитының беті болуы мүмкін", - дейді өнертанушы.
Қылқалам шебері жан-дүниеге, рухани әлемге көбірек көңіл бөледі.
"Дұға" картинасы – баласы бар әйелдің бейнесі. Анасы баланы құшақтап, осы дүниенің қауіп-қатерінен қорғауға тырысып, ол үшін дұға етеді.
Әсия Хайруллина үшін дұға бос сөз емес: "Мен үшін дұға - Құдаймен сөйлесу, оған бәрін айтуға болады, ол түсінеді... Алдымен мен ақымақ ойларым мен әрекеттерім үшін кешірім сұраймын және менде бар нәрсе үшін алғыс айтамын. Содан кейін мен не сұрағым келетінін ұмытып кетемін"...
Білмейтіндер үшін Акварель техникасы жұмбақ. Көрмеге келушілер алдымен таңданып, содан кейін оның қалай жасалғанын түсінуге тырысып, түрлі-түсті парақтардың бетіне ұзақ қарайды.
Әсияның шығармашылығы мысалында акварель техникасын мұқият зерттеген Баян Барманқұлова қызығушылық танытқандарға жауап бере алады. Бірақ өнертанушы шеберліктің барлық құпияларын аша қоймады:
"Хайрулинаның шеберханасы ортағасырлық алхимиктің зертханасына ұқсас, кей жерлері аралас, параққа жағылады, ағынды сумен жуылады, қайтадан жағылады, қайтадан жуылады. Көзіқарақты көрермен әйелдің сүйкімділігі суретшінің көптеген жұмыстарына тән екенін байқайды. Коктейль көзілдірігі, вазадағы гүлдер, бөлмедегі интерьер, тіпті дерексіз композиция, осының бәрі әйелге тән", - дейді ол.
"Айналаңыздағы барлық нәрсе, қымбатты әйелдер, сіздің махаббатыңыздың арқасында ғана гүлдейді және жарқырайды! Сіз оны қаншалықты көп сәулелендірсеңіз, әлем соғұрлым жылы және үйлесімді болады. Сондықтан сізге жақсы көңіл-күй, жарқын энергия және әр күнде қуаныш тілеймін!" - дейді акварелист Әсия Хайруллина.
Көрерменге ерекше әсер сыйлаған туындылардың саны 100-ден асты.
Галина Галкина, Мейіргүл Оңғарова