Бектенов салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялауды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салықтық және кедендік әкімшілендіру және процестерді цифрландыру шараларын жетілдіру мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында осы жылдың наурыз айында Қазақстанда отандық экспорттаушыларға ҚҚС қайтару рәсімдері қайта қаралды. Тәсілдердің өзгеруін ескере отырып, енді растау үлесі ұлғайтылады, бұл қазақстандық тауар өндірушілер үшін елеулі қолдауға айналады. Бұл туралы Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір бұл процедураның жеделдігін қамтамасыз ететін аналитикалық жүйе әзірлеу сатысында. Соңғы екі айда экспорттаушыларға жалпы берешектің жартысына жуығы қайтарылды.

"2023 жылы қосылған құн салығы бизнеске қайтарылғанымен, бизнес субъектілері 600 млрд теңгеге жуық қаражатты ала алмады. Ал бұл – тауарлар экспортын жүзеге асыратын 485-ке жуық компания. Яғни, бизнес айналым қаражатынан айырылып қалды. Бұл – кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу. Осыған байланысты Қаржы министрлігі қосылған құн салығының расталған сомаларын бизнеске қайтарып, қосылған құн салығын қайтару рәсімін оңайлату жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл ретте, қайтарылған қосылған құн салығының сомасын бизнес өз кәсібін жаңғыртуға және кеңейтуге қайта инвестициялауды көздейтін тетіктерді пысықтауды тапсырамын", — деді Премьер-Министр.

Соңғы 5 жылда салықтық және кедендік әкімшілендіру шаралары мен оларды цифрландыру есебінен, республикалық бюджет қосымша 4 трлн теңгеге толтырылды. Биыл әкімшілендіруге арналған кіріс бойынша 1,6 трлн теңгеге жоспар құрылған. Бұл алдыңғы жылғы деңгейден 173%-ға артық. Үкімет нақты міндетке қол жеткізу мақсатында бірқатар шаралар қабылдауда.

Атап айтқанда, салықтық тексеруді белгілеу кезінде, Тәуекелдерді басқару жүйесінің (ТБЖ) өлшемшарттары қайта қаралды. Енді олар, нақты іріктеу әдісімен жүргізіледі. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда, салықтық тексеру саны 16%-ға азайса да, салықтық өндіріп алу екі есеге ұлғайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық ақпараттық жүйелеріне, тәуелсіз IT-аудит жүргізу бойынша жұмыс басталды. Оның нәтижесі бойынша, Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасы қалыптасатын болады.

Олжас Бектенов салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялауды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Үкімет басшысы жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанына тоқталып, өткен жылы халықтан келіп түскен салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелеріне қатысты өтініш пен арыз-шағымдарын ескеру және әкімшілендірудің сервистік моделіне назар аудару қажет екенін атап өтті.


"Жаңа Салық кодексіне қойылатын талап өте қатаң. Бұған дейін ұсынылған тәсілдерге қатысты орынды сын айтылған болатын. Бизнес пен қоғам бұл құжаттан оң өзгерістер күтіп отыр. Ең бастысы, ол ашық, бәріне түсінікті және үйлесімді болуы керек. Алайда, Кодексті әзірлеу созылып барады. Сондықтан бұл жұмысты жедел аяқтау қажет", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстанда сыртқы сыртқы шекараның барлық өткізу бекеттерінде және (ЕЭО-ға мүше елдермен) ішкі шекараның 7 өткізу бекетінде электрондық кезек жүйесі енгізілді. Бүгінде бұл Орталық Азиядағы автокөліктің жиналып қалуын барынша азайта отырып, тасымалдау процесінің ашықтығы мен жылдамдығын қамтамасыз ететін жалғыз жүйе.

Премьер-Министр өткізу пункттерін жаңғырту және жабдықтау жұмыстарын жылдамдату керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің салық төлеушілермен және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен тікелей өзара іс-әрекет жасауына барынша жол бермей, салықтық және кедендік әкімшілендірудің барлық процестерін барынша цифрландыру қажет.

Үкімет басшысы салықтық жеңілдіктерді қолданудың міндетті мониторинг тетігін енгізуді, сондай-ақ бизнестің қарсы міндеттемелерін белгілеуді тапсырды. Жеңілдіктер қаржылық есептеулер негізінде экономикалық тұрғыда негізделіп берілуі керек, нәтижелерге қол жеткізудің нақты мерзімдері көрсетілуге тиіс.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: