Алматылық оқушылар ұлттық ойынды ұлықтады

Ұлттық ойындар – өскелең ұрпақты үйлесімді тәрбиелеудің ажырамас бөлігі. Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз "Ұлттық спорт" күні деп белгіленді.

Бұл күні мектеп оқушылары ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсіп, ұлттық құндылықтар дәріптелді.

Жетісу ауданы №110 мектеп-гимназиясында 7-8 сынып оқушылары арқан тарту, асық ату, тымақ ұру, қол күрес, бұқа тартыс сияқты ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Шараға 40-қа жуық оқушы қатысып, білектілер арасынан шын мықтыны анықтады. Жеңімпаздарға кубоктар мен арнайы дипломдар табыс етілді.

Елімізде ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі ең танымалы – тоғызқұмалақ. Адамның ойлау қабілетін дамытып, тапқырлыққа тәрбиелейтін зияткерлік ойын түрінен №7 Оқушылар үйінде "Ұлыстың Ұлы күніне – ұлттық ойын" оқушылар арасында қалалық жарыс өтті. Сайысқа қаламыздың 8 ауданынан 80 оқушы қатысты. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар арнайы дипломдармен, медальдармен марапатталды.

Бүгінде ұлттық спорт түрлері тез танымал болып, оқшылардың да қызығушылығын оятуда. Осы орайда Әуезов ауданындағы №116 мектепте де оқушылар ұлттық спорт түрлерінен өзара сынға түсті. Оқушылар арқан тарту, асық ату, тымақ ұру, бұқа тартыс және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайысып, ұлттық ойынның құндылығын дәріптеді.

Сонымен қатар Алматы қаласының барлық білім беру ұйымдарында ұлттық ойындардан мектепішілік жарыстар өткізілді. Мұндағы мақсат – қазақ халқының ұлттық ойындары арқылы оқушылардың бойында ұлттық бірегейлікті сақтау, оқушылардың патриоттық сезімдерін оятып, салт-дәстүрімізді сақтай білуге тәрбиелеу.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: