Ведомстваның мәліметінше Семей қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөліміне кәмелетке толмаған балаларды асырауға қаражат төлеуден қасақана жалтарған ата-ананы іздестіруді жариялау туралы жеке сот орындаушысының қаулысы келіп түсті.
Азаматтың ұзақ уақыт бойы ақша төлемегені анықталды, осыған байланысты оның қарызы 2 млн теңгеден асқан.
Алимент төлемеген адамды табу үшін бір тәуліктен аз уақыт қажет болды. Әрі қарай, сот орындаушылары борышкерден қарызды өндіріп алумен айналысады.
Тәртіп сақшылары борышкерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген атқару парағын орындамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық туралы түсіндірді.
2024 жылдың басынан бастап Абай облысы полиция департаменті балаларды асырауға ақшалай қаражат төлемейтін 115-тен астам борышкердің орналасқан жерін анықтады.