Алпыс отбасы мемлекеттен 100 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек алды, сондай-ақ оларға қырылған малдың құны өтелді. Аудан әкімдігі бүлінген мүлікке өтемақы төлеп, тұрғын үйлерді жөндеуге қаражат бөле бастады.
Аккредиттелген ұйым үйлерге техникалық тексеру жүргізді. Алты тұрғын үй жарамсыз деп танылды. Бес отбасы үшін жақын күндері басқа үйлер сатып алынып, бір отбасыға жаңасын салады.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өңірде су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетіледі және залал жедел өтеледі.
Шет ауданында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев болып, су басқан үйлердің тұрғындарымен кездесіп, жедел штаб отырысын өткізді.
Шет ауданында ТЖ салдарын жоюмен қатар бір мезгілде инфрақұрылымды қалпына келтіру басталды.
Бірінші қадам – су шайып кеткен ішкі жолдарды жөндеу.
Ағымдағы су тасқыны салдарын ескере отырып, өңір басшысы инженерлік жұмыстар жоспарын жасап, оны жазғы кезеңде іске асыруға кірісуді тапсырды. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы барлық бөгеттер мен гидроқұрылыстардың техникалық жай-күйін қайта тексереді.
Шет ауданының тұрғындарын сонымен қатар гуманитарлық көмексіз де қалдырмады: зардап шеккен ауылдарға кәсіпкерлер, ҚХА өкілдері, қоғамдық қорлар, еріктілер және Қарағанды облысының қамқор тұрғындары азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары және басқаларын жіберді.