Сәбит ақсақал жасы 88 келсе де бақшаны өзі күтіп баптайды. Немерелерін де баулиды. Ағаштың жемісті болуы күтімге, ұрпақтың тәлімді болуы тәрбиеге байланысты"- дейді ол.
"Өмірге бейімдеу, жұмыс жағынан, оқу-тәрбие жағынан болсын бұл ата-ананың борышы. Соның арқасында балаларымның бәрі еңбекқор." Сәбит Әбілдаев, тыл ардагері, ардагер ұстаз
Ұстаздар отбасы 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. 40 жылдан астам мектепте ұстаздық еткен Айымжан апа қазір немере келіндерінің ақылшысы. Жастарға әдептен бастап, қонақ күтімі, үй тірлігінің жайын айтып, түсіндіруден жалықпайды, деп жазады qazaqstan.tv.
Біздің қазақтың үй тірлігі көп қой. Соның барлығын үйрену қажет. Міне осының өзі көзге көрінбейтін үлкен тәрбие. Содан барлық бауырмалдық, туысқандық пайда болады. Айымжан Әбілдаева, ардагер ұстаз
17 жасында босаға аттаған Ридана қазір отбасыда келін мен ене қызметін қатар атқарады. Жас кезінде көпбалалы үйге үйрену оңай болмағанын еске алады.
Сол кезде қиналдым. Ұйқым қанбайды, қыдырғым келеді деген секілді. Бірақ қазір соның рахатын көріп отырмын. Сол балалардың барлығы мені сыйлайды. "Ой, сіздің жапқан наныңыз-ай" деп. Соны естігенде қуанып қаламын. Қиналған күндерім түк болмағандай. Ридана Жошиева , тұрғын
Үй ішінің қызыққа, қуанышқа толы болуы отбасындағы бауырмалдық пен жарасымды тірліктің арқасы. Осындай өнегелі өмірдің арқасында бір шаңырақта әулеттің 4 буыны тату-тәтті өмір сүріп жатыр.