Қазнетте президент алаяқтық схемадан зардап шеккен азаматтарға қаражатты қайтаруға уәде берген видео таратады. Осы мақсатта тіпті Ішкі істер министрлігімен бірігіп "Қазақстан халқына" серіктестігін құрған-мыс.
Stopfake.kz мамандары видеоны дипфейктердің онлайн-детекторы арқылы тексерді.
Видео нейрожелінің көмегімен жасалған. Алаяқтар Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін дыбыстаған. Бейнежазба Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан халқына үндеуі негізінде жасалған.
Президент "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құруды 2022 жылғы 11 қаңтарда тапсырды. Оның мақсаты алаяқтармен күресу де, алаяқтарға алданып қалған азаматтарға қаражат қайтару да емес. Қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласындағы мәселелерді шешумен айналысады.
Мемлекет басшысының ресми сайтында қазақстандықтарға алаяқтық схемалар салдарынан жоғалтған ақшаны қайтаратын бағдарлама туралы жаңалықтар жоқ.
Қаскүнемдер фишингтік сайтқа апаратын жарнаманы жасаған кезде бір ғана мақсатты көздеген – сенгіш тұрғындардың ақша қаражатын иемдену. Күмәнді сілтеме арқылы өтіп, жеке деректеріңізді қалдырмаңыз, өйткені, нәтижесінде ақшаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін.
2023 жылдың соңында Қазнетте қазақстандықтарға ақша төленетіні туралы хабарлама тарады. Сонымен қатар, постқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың фотосуреті қоса тіркелді. Автор әрбір қазақстандықтың картасына 150 мың теңге төлем алатынына сенімді болған.
2024 жылдың сәуір айында тағы бір фейк пайда болды. Одан кейін хабарландыруларда Қазақстан Президенті құруды бұйырды делінетін алаяқтарға қаражатты қайтару бағдарламасы туралы да сөз болды.