Тоқаев туризм саласында айрықша назар аударуды қажет ететін бірнеше басым бағытты айтты

Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр", - деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғысынан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын атап өтті. Ал бұл ұзақмерзімді инвестиция салу, қарызға қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

"Мысалы, туризм саласындағы 17 серпінді инвестициялық жобаның ішінде тек екеуі ғана ірі жоба екені мәлім болды. Бірақ оларға да бюджеттен қомақты қаржы құю керек. Соған қарағанда, Үкімет жобаларды өз қаржысымен жүзеге асыруға дайын инвесторлармен жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істей алмай отыр. Ал оларға керегі – тек инфрақұрылым жағынан қолдау. Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы Digital Nomad Visa және Digital Nomad Residency бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: