ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бас мүфти айт намазынан кейін еліміз бен жеріміздің болашағы жолында қаза тапқан ата-баба рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады. Сонымен қатар мешіт ауласында өткен мерекелік іс-шараға қатысып, жамағатқа игі тілегін жеткізді.
Сурет: ҚМДБ баспасөз қызметі
"Қасиетті Құрбан айт – мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі. Айт, яғни "әл-ғиду" сөзi мереке, мейрам, қуаныш деген мағыналарды білдіреді. Қасиетті Құрбан айт күні мұсылман адам айт намазын оқып, құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға тырысады. Бұл күндерді ұлықтап, адамдарға қуанышты көңіл-күй сыйлау – тақуалық белгілерінен. Алла Тағала Қасиетті Құранның "Хаж" сүресінің 32-аятында "Кім Алланың белгілерін ұлықтаса, шындығында ол жүректің тақуалығынан", – деп айтқан.Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Құрбан айт күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла Тағала тұтас үмбет үшін мереке етті", – деген. Ата-бабаларымыз айт күндері ұлық мерекені құрмет тұтып, ерекше киімдерін киіп, жақын-туғандарын аралап: "Айт қабыл болсын!", "Айт құтты болсын!" деген сөздермен ізгі ниеттерін білдіріп, балаларға айттық сыйлықтар беретін болған", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сурет: ҚМДБ баспасөз қызметі
Айта кетсек, 16 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.