Шымқаланың Еңбекші ауданында жаңа гүлзар ашылды

Шымкент қаласы, Еңбекші ауданындағы Жібек жолы - Сайрам көшелері қиылысында тағы бір жаңа гүлзар ашылып, пайдалануға берілді. Жаңа әлеуметтік нысан кәсіпкерлердің қолдауымен бой көтеріп отыр. Аумағы 1,1 гектар гүлзарда тұрғындарға барлық қолайлы жағдай жасалған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа гүлзардың ашылуына қатысып, тұрғындармен кездесті.

Аталған ауданда 2022 жылы "Қазақстан-Түркия достығы" саябағы тұрғындар игілігіне берілген. Биыл тағы бір жаңа гүлзар ашылды. Жаңа нысан – BI group компаниясының қалаға арналған сый-тартуы. Жұмысшылар құрылысты 1,5 ай ішінде, қала күніне орай аяқтады.

Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Аллея BIG TULIP атауын иеленген. Tulip түркі тілінде қызғалдақ деген мағынаны білдіреді. Аллеяға кіреберістегі бес қызғалдақ түнде жарқырап, айналаға көрік береді. Компания өкілі Қайрат Қуанышбаевтың айтуынша, қыркүйек айында тағы бір жоба аяғына жеткізіліп, қолданысқа берілмек.

Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұған дейін заңсыз сауда нысандары болған аумақ осылайша абаттанған орынға айналды. Қала әкімі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары одан әрі жалғаса беретінін айтты.

"Өздеріңіз білесіздер, бұндай нысандарға бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бәрі де кәсіпкерлердің өз бастамасымен, сый-тартуы ретінде салынуда. Осы іске үлес қосқан сіздерге де рақмет. Игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Көпшілік демалатын осындай орындар көбейе берсін. Енді осы нысанды өздеріңіз күтіп-ұстаңыздар. Жалпы халықтың да тазалыққа деген санасы өзгеруі керек. Қазір қалада субұрқақтардың кейбір ескірген бөлшектерін ауыстырып жатырмыз. Жақын арада оны да іске қосамыз", – деді қала әкімі тұрғындармен кездесуде.


Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Өз кезегінде қала тұрғындары да шаһар басшысына ризашылығын айтты. Осындай жаңа гүлзарлар көптеп ашылғалы жастардың, тұрғындардың да көңілі шаттанып, айналаны таза ұстауға деген ынтасы артуда.  

Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қызғалдақ – қаламыздың символы. Big Tulip атауы адамдардың назарын осы әдемі гүлге аударуды көздейді.

Шымкент
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: