"Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады", — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Қазіргі уақытта аталған Қызметті қайта құру мәселесімен айналысатын екі басқармасы бар Департамент құрылды. ҚР Үкіметінің қарауына ұсынылатын ұйымдастыру құрылымы мен жарғылық құжаттар әзірленді.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ұсынысына сәйкес, Ұлттық гидрогеология қызметі жер асты суларын басқару, іздеу-барлау жұмыстары және олардың мемлекеттік мониторингі саласында мемлекеттік саясатты жүргізу үшін ұйымдастырушылық және басқа да қажетті өкілеттіктерге ие болады. Жер асты суларын ұтымды пайдалану мәселелері ерекше бақылауда болады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов болжам бойынша Қазақстандағы жер асты суларының қоры шамамен 40 текше километрді құрайтынын, оның 15 текше километрі қазіргі таңда пайдалануға дайын екенін атап өтті. Бүгінде ел экономикасында бұл ресурстардың 7-10%-ы ғана қолданылады. Министрліктің жоспарында – ауызсумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы жерлерін суару және жайылымдық мал шаруашылығын қолдау үшін жер асты суларын белсенді түрде пайдалану, бұл ретте қорлардың сарқылуына және ластануына жол бермеу үшін қатаң бақылау қамтамасыз етілетін болады.
Президенттің бастамасы Қазақстанның орнықты дамуы үшін су ресурстарын басқарудың стратегиялық маңызын көрсетеді, бұл еліміздің ішкі қажеттіліктеріне және жаһандық экологиялық сын-тегеуріндерге сәйкес келеді.