Салдарынан қаладағы қозғалыс қиындап, жүргізушілер ұзын-сонар кептелістен көз ашар емес. Мәселен, мегаполис іргесіндегі аудандарды жалғап тұрған "Құлжа тасжолы" жабылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл қала мен облысты жалғап тұрған "Құлжа тас жолы". Күніне 50 мыңнан астам көлік өтеді. Қазір жолды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді әр бағытқа 3 жолақ салынады. Шаруа кезең-кезеңмен атқарылғандықтан, жолдың кейбір бөлігі жабық. Сағаттап кептелісте тұратын жұрт шағымын жеткізді, деп жазады qazaqstan.tv.
Құлжа трактінің жабылуына байланысты, Талғар тасжолында бүгін бірнеше шақырымға созылған кептеліс болды. Жұмысқа, оқуға асыққандар көліктен түсіп, қалаға қарай жаяу шыққан.
Тұрғындардың сөзінше, "Талғар тасжолы" да тым тар. Трасса бойында базар, бірнеше тұрғын үй кешені орналасқан. Таңертен, кешке қозғалыс қиын. Оның үстіне бірнеше күннен бері "Құлжа тракті" жабық тұр.
"Асфальттің үстіңгі бөлігі алынып, орнына жаңасы төселіп жатыр. Жөндеу жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Бүгін жолдың батыс жағын жөндедік, ертең шығыс жағына кірісеміз. Сенбі күні жолды ашамыз. Қозғалыстың қиындап жатқаны содан." Айдос Желдікбаев, қалалық мобильділік басқармасы жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы
Құлжа – қаладағы ірі әрі маңызды тасжолдың бірі. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Осылайша, шаһар басшылығы ірі жол тораптарын кеңейту арқылы кептеліс мәселесін реттемек.