Тоқаев орта державалардың рөлі туралы сұрақтарға жауап берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Think Tank Forum пленарлық отырысында сөйлеген сөзінің соңында форумға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы 2024 жылғы 17 қазанда Zakon.kz сайтына президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Пленарлық отырыстың модераторы, Berlin Global Dialogue төрағасы Ларс-Хендрик Рёллер Президенттен Қазақстанның өңірдегі рөлі туралы, сондай-ақ аймақтық ынтымақтастық арқылы орта державалардың ұстанымдарын тиімдірек пайдалану тұрғысынан қандай проблемалар бар екенін сұрады.

"Ең алдымен, біз аймақтық саясатқа, Орталық Азиядағы барлық жақын көршілерімізбен тығыз ықпалдастыққа бейіл екенімізді атап өткім келеді. Біз ынтымақтастықты тереңдеткен сайын, Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінің мүдделері үшін жақсы болмақ. Қазіргі жағдайды он жыл бұрынғы ахуалмен салыстыруға келмейді, мүлде өзгеше. Бүгінде біз белсенді ынтымақтастықты дамытып келеміз, ауқымы кең мәселелер бойынша санқырлы байланыс орнатылды. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары жиі кездеседі. Ортақ мәселелерді бірлесе пысықтайды. Бұл басқосулардың нәтижесі мол. Сондықтан менің жауабым айқын. Біздің саяси ұстанымдарымыз стратегиялық тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған. Меніңше, Орталық Азияның әлем картасындағы орны ерекшеленіп келеді. Менің аймақтағы әріптестерім мұнымен келіседі деп ойлаймын. Біз осы өте маңызды өңірдің әлеуетін нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз." Қасым-Жомарт Тоқаев

Ол Қазақстан "осы маңызды аймақтың әлеуетін нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын" атап өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымына келетін болсақ, мен оны нығайту керек деген сенімдемін. Өйткені оның орнын басатын ұйым жоқ. БҰҰ-да көптеген кемшілік болғанымен, бізде басқа балама жоқ. Сондықтан Қазақстан БҰҰ рөлін нығайту бойынша осындай ұстанымдағы барлық елмен ынтымақтаса беруге ниетті. Аймақтық державалар мен орта державалардың үні, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінде естілуге тиіс. Қауіпсіздік Кеңесі де реформаға мұқтаж. Өйткені ол, өкінішке қарай, тығырыққа тірелді. Ал одан шығудың жолын бәріміз бірлесіп табуымыз керек. Біз келесі жылы 80 жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін орта державалардың БҰҰ мәртебесін нығайту және мультилатерализм қағидаттарын ілгерілету процесіндегі рөлі жайында сұрақ қойылды

"Әлбетте, әлгінде баяндамамда біз мультилатерализмнің жақтаушысы екенімізді айттым. Біз әлем қазір де, болашақта да, ең алдымен, БҰҰ Жарғысында көрсетілген қағидаттарға негізделуге тиіс екеніне сенімдіміз. Біз БҰҰ Жарғысын ұстануымыз керек. Ешкімге оны бұзуға құқық берілмеген. Өйткені оның баламасы жоқ. БҰҰ Жарғысы – қазіргі халықаралық жүйенің тірегі. Бәлкім, БҰҰ-ның рөліне қатысты қандай да бір көңіл толмаушылық бар шығар, сын да айтылар." Мемлекет басшысы

Бірақ, президенттің айтуынша, "бізге күш-жігер біріктіріп, соғыс, қақтығыс атаулыны тоқтатып, керісінше, диалог пен бейбітшілік жолына түсу қажет".

"Қазақстан туралы айтар болсақ, реформаларды жалғастырып, көздеген стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін бейбіт жағдайда даму біз үшін аса маңызды. Қазір біздің алдымызда еліміздің саяси-экономикалық әлеуетін арттыруға қатысты ауқымды міндет тұр. Сондықтан біз бейбітшілікті жақтаймыз. Бұл ретте көпжақты ынтымақтастық жасап отырған дүние жүзіндегі серіктестерімізге ризашылық білдіреміз. Қазақстан – халықаралық нарыққа ашық ел. Біз шетелден тікелей инвестиция тартқымыз келеді. Бұл туралы жаңа айттым. Сол үшін Қазақстанда қызмет істегісі келетін инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасаймыз", – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей-Украина қақтығысын реттеу мәселесін айтқан болатын. Ол "келіссөздер арқылы бейбітшілікті іздеу — стратегиялық көрегендік" деді. Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі элементтерін де атап өтті.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: