Тоқаев Родольф Саадты қабылдады

Мемлекет басшысы CMA CGM компаниясының президенті Родольф Саадты қабылдады. Президент кездесуде Қазақстанның көлік-логистика кешенін дамытуға ерекше назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасуы Шығыс – Батыс, Оңтүстік – Солтүстік көлік бағыттарын дамытуда негізгі рөл атқаратынына тоқталды. Жүк тасымалының көлемін арттыру мақсатында әлемнің ірі компанияларымен бірге инвестиция тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы өңірлік штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан CMA CGM компаниясымен ұзақмерзімді серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында өзара іс-қимыл жасау, Ақтау теңіз портының логистикалық инфрақұрылымына инвестиция тарту, сондай-ақ Каспий теңізіндегі айлақтарға арналған жүк кемелерін құрастыру мәселелеріне баса мән берілді.

CMA CGM (Compagnie Maritime d’Affrètement – Compagnie Générale Maritime) – 1978 жылы Францияда негізі қаланған жүк кемелерін құрастыратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Кәсіпорынның 160 елді қамтитын жаһандық желісі бар. Оның құрамында 400-ге жуық кеңсе мен 600-ден астам контейнер тасымалдайтын кеме жұмыс істейді. Былтыр компанияның сауда-саттық көлемі 47 миллиард долларды құрады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: