Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басқаратын арнайы комиссия барды.
Ведомствоның мәліметінше, авиациялық апаттың алдын ала себебі техникалық ақау деп қарастырылып отыр. Алайда түпкілікті қорытынды тергеу іс-шаралары жүргізілгеннен кейін жасалады.
Зардап шеккен экипаж мүшелері қажетті медициналық көмекпен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген және мамандардың бақылауында.
Қаза тапқан әскери қызметшінің туыстарына материалдық төлемдер және барлық қажетті қолдау көрсетіледі.
"Ми-8 тікұшақтары еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Әуе қорғанысы күштерінің қолданысында. Техниканың бұл түрі 50-ден астам елде қолданылады және өзінің көп функционалдығы мен сенімділігінің арқасында әлемдегі ең көп сұранысқа ие тікұшақтардың бірі. Бұл тікұшаққа соңғы күрделі жөндеу 2023 жылы Алматының "405 авиациялық-жөндеу зауыты" базасында жасалды. Барлық регламенттік жұмыстар, оның ішінде ұшу алдындағы дайындық нормативтерге сәйкес орындалды".Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Еске салайық, бұған дейін 9 қарашада Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде апатты жағдайда қонғанын хабарлаған едік.
Бортта болған 3 экипаж мүшесінің екеуі ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Экипаж мүшелерінің бірі қаза тапты.
ҚР Ішкі істер министрлігі осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы Ми-8 тікұшағы апатынан аман қалған екі адамның жағдайы туралы айтты.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан Ақтөбедегі көпсалалы облыстық ауруханаға барып, Сарыжар ауылы маңында болған тікұшақ апатынан зардап шеккен азаматтардың жағдайын білді.