Қазақстанның екі қаласында жалған шетел валютасын өткізу бойынша күдікке ілінген адамдар тобы құрықталды

Қаржылық мониторинг агенттігі жалған шетел валютасын өткізу фактілерінің жиілеп кеткені жайлы мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство ақпаратына сүйенсек, Алматы қаласында жалған 100 долларлық купюраларды сатумен айналысқан тұлғалар тобы анықталды.

"Қылмысқа қатысушылардың бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында 149 дана (14 900 АҚШ доллары) жалған доллар табылды. Құқық бұзушылар ұсталып, сот оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады",- делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында ҚМА полициямен бірлесіп жалған валютаны өткізу фактісі анықтады. Бір топ адам Орал қаласындағы лотерея клубтарының бірінде жалған 25 000 АҚШ доллары мен 10 000 евро өткізген деп күдіктелуде.

Күдіктілер бәс тігу мақсатында бұл қаражатпен шоттарын толықтырған.

Жалған ақшаны сатушыға қатысты соттың санкциясымен "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

"Жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленді, оның ішінде ұлттық валютада 647 000 теңге сомасына 141 дана, 90 400 АҚШ долларына 905 купюра, 2 000 еуроға 4 купюра, 1 000 юань сомасына 10 купюра. Алынған жалған банкноттардың жалпы сомасы 43 млн теңгеден асады".ҚР ҚМА баспасөз қызметі

Жалпы, ағымдағы жылы жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

"Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болмас үшін жақсы бағам бойынша айырбастауды ұсынса да, бейтаныс адамдарға ақша айырбастамаңыз және валютаны "делдалдардан" сатып алмаңыз. Егер сіз жалған купюраны тапсаңыз, оны сатуға тырыспаңыз. Жалған банкноттар табылған жағдайда дереу ҚМА-ның аумақтық департаменттеріне жүгінуге шақырамыз" ,- деп мәлімдеді ҚМА.

Бұған дейін ІІМ қызметкерлері ата-аналарға үндеу жасағаны хабарланған болатын.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: