Ақтөбедегі құрылысшылар айлықтарын ала алмай жүр

Ақтөбелік құрылысшылар еңбектерінің ақысын бермеген басшыларына ашулы. Айтуларынша, екі айдан бері ақшаларын ала алмай жүр. Компания 35 тас қалаушының әрқайсысына бір миллион теңгеден берешек.

Тоғыз қабатты нысанды салған құрылысшылар маңдай терлерінің ақысын уақытылы бермегендерге ашулы. Көбі коммуналдық төлемдері мен несиелерін төлей алмай жүргендерін айтады, деп жазады qazaqstan.tv.

Тас қалаушылар Жаңақоныс ауылындағы орта мектептің де қабырғасын қалаған. Айтуларынша, басшылық бұған дейін де ақшаларын бермей, бірнеше ай бойы сандалтып қойған.

"Қыста да осындай болған. Былтырғы қыстағы ақшамызда жазда, маусым айында алдық. Бес балам бар, біреуі студент, үшеуі оқушы, біреуі балабақшада. Әрине қиын. Несиеміз бар, адам болғасын несие аламыз, ұсақ-түйекке болса да." Асхат Дәрібаев, құрылысшы

Құрылысшылармен кездесуге компания өкілі келді. Ол мекемеде қаржылық мәселе барын мойындады. Оның үстінде құрылысы жүріп жатқан нысандардың құжаттары реттелмей, тапсырыс берушіден ақша түспейді дейді. Дегенмен жуық арада мәселені шешуге уәде берді.

"Қазіргі таңда құрылыс саласында қиындықтар болып жатыр, өздеріңіз білесіздер ғой. Ол тек қана бізде ғана емес, бүкіл Қазақстанда, дүниежүзінде десе де болады. Енді ақша күтіп отырмыз, жақын арада түседі, барлығымен жүз пайыз есептеседі." Ерік Бөкенов, құрылыс компаниясының өкілі

Дегенмен құрылысшылар бұл уәдеге де сенген жоқ. Егер алдағы бірнеше күн ішінде еңбекақымыз төленбесе, құзырлы органдарға шағымданамыз дейді.

Ақтөбе Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: