Әлемдік Numbeo мәліметтер орталығының дерегінше, бұл – ТМД елдері арасындағы ең қымбат тариф. Алайда, такси бағасына сай қызмет көрсетпейді.
Халықтың пікіріне таксопарк өкілдерінің айтар уәжі бар. Бағаны ауа райына қарай жүйенің өзі реттейді. Ал көліктер маркасы мен жылына байланысты санатқа бөлінеді, деп жазады qazaqstan.tv.
"Клиенттердің арасында кейбір жағдайда машинаның таза еместігі, жүргізушілердің тәртібіне байланысты көптеген ескерту, шағым түсіп жатыр. Әркім өзінің машинасымен жеке жүреді ғой, оны таксопарктер қадағалап отыра алмайды. Таксопарктерге әркім өзі онлайн тіркеледі, ол жерде құжат ештеңе тексерілмейді." Мейірбек Абдолла, таксопарк өкілі
Такси қызметінің құны неге жыл сайын өсіп барады? Бензин бағасының өсуі, доллар көтерілуінен өзге тағы қандай факторлар әсер етеді? Экономист Бауыржан Ысқақ бұған бәсекеге қабілетті отандық стартап жобаның болмауының да ықпалы бар, — дейді.
"Салық заңдылығында такси қызметтерін көрсететін, IT компанияларға жеңілдіктер қарастырылмаған. Бәсекеге қабілетті болуы үшін осы салада жұмыс жасайтын кәсіпорындарға банктік тарапынан да жеңілдетілген несиелер берілуі керек. Біз бір монополиялық нарықтың құрсауында қалмауы үшін, мемлекет өзі кірісуі керек." Бауыржан Ысқақ, экономист
Расымен де, қазір жолаушы тасымалы нарығының шамамен 95 пайызы – ірі ойыншылардың қолында.