Олардың бірі Арыс қаласындағы теміржолшылар династиясының бірі – Ибрагимовтер әулеті. Бұл әулетте бір атадан тараған 15 баланың барлығы бүкіл ғұмырын теміржол саласына арнаған.
Биыл 100-ден асып, өмірден өткен Салтай атадан тараған ұл мен немерелерінің теміржолдағы еңбек өтілдерін қосқанда жалпы 800-жылдан астам уақытты құрайды.
Ибрагимовтер – Қазақстан бойынша ең көп теміржолшылар шыққан әулет. Соғыс жылдары басталған әулеттен күні бүгінге дейін 50-ден астам теміржолшы шыққан.
"Бүгінде әкемізден тараған барлығы 15 бала, 70 шақты немере мен 145 шөбере, 2 шөпшек бар. Әкеміз Салтай Ибрагимов 1926 жылы дүниеге келіп, биыл жуырда дүниеден өтті. 1950 жылы шаңырақ көтеріп, анамыз екеуі өмірге 7 ұл, 8 қыз әкеліп, өсіп-өнген үлкен әулетке айналдық. Әкеміз вагон жөндеу депосында слесарь, сосын вагон қараушы, кейіннен ауысым бастығы болып ұзақ жылдар абыроймен еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан", – деді.