Министрдің айтуынша, президенттің Нью-Йоркке сапары аясында екі ірі кездесу өтті.
"Біріншісі – әйгілі Смитсон институтымен. Бұл – АҚШ-тағы ең көне ғылыми-зерттеу бірлестіктерінің бірі. "Болашақ" бағдарламасы аясында біздің алдыңғы қатарлы ғалымдарымыз, антропологтар, мәдениеттанушылар, тарихшылар енді осы беделді, көне ғылыми-зерттеу орталығында арнайы оқудан өте алады", – деді Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, екінші кездесу бұдан да маңыздырақ болды – ол Educational Testing Service (ETS) компаниясының басшылығымен өтті.
"ETS – әлемдегі ең көне тестология компаниясы. ETS-тің үздік мамандары тартылып, арнайы жұмыс тобы құрылады, біздің Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) әдістемесі мен мазмұны түбегейлі қайта қаралады", – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, "әлемдік деңгейдегі үздік мамандар ҰБТ-ны халықаралық тестке айналдыру үшін көпсатылы жұмысқа тартылады. Бұл ең озық әдістемеге және ең сапалы сұрақтарға негізделетін болады".
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары 2025 жылғы 21 қыркүйек кешке басталды. Қазақстан Президенті Goldman Sachs Global Institute-тің жаһандық мәселелер жөніндегі президенті Джаред Коэнмен, сондай-ақ Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті әрі бас атқарушы директоры Амит Севакпен кездесті.