Мектептер мен колледждердегі білім беру стандарттары өзгерді

Школьники, ученики, школа, школы, школьные занятия, уроки, искусственный интеллект в сфере образования, ИИ в школе, ИИ в школах, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.09.2026 16:50 Фото: akorda.kz
2026 жылғы 16 қыркүйекте Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен мектеп пен мекептен кейінгі орта білім беретін ұйымдардың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, білім беру мазмұны "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасының мынадай құндылықтарына бағдарланады:

Тәуелсіздік және отаншылдық;

  • бірлік және ынтымақ;
  • әділдік және жауапкершілік;
  • Заң және тәртіп;
  • еңбекқорлық және кәсібилік;
  • жасампаздық және жаңашылдық.

Бастауыш білім берудің мақсаты – төмендегі кең ауқымды дағдылардың негіздерін меңгерген білім алушының тұлғалық тұрғыдан үйлесімді қалыптасуы мен дамуына қолайлы білім беру ортасын құру:

  • білімді функционалдық және шығармашылық тұрғыда қолдану;
  • сыни ойлау;
  • зерттеу жұмыстарын жүргізу;
  • цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті (ЖИ) пайдалану;
  • коммуникацияның әртүрлі тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды қолдану;
  • топпен және жеке жұмыс істей білу.

"Математика және информатика" білім беру саласының мазмұны "Математика", "Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект" оқу пәндері арқылы жүзеге асырылады.

"Математика және информатика" білім беру саласының мазмұны білім алушылардың қоршаған ортадағы әртүрлі нысандар мен құбылыстарды сипаттау үшін бастапқы математикалық білімдерін қалыптастыруға; ауызша және жазбаша есептеу алгоритмдерін меңгеруге; есептерді шешудің жалпы тәсілдерін дамытуға, өлшеу және есептеу дағдылары негізінде логикалық тұжырымдар құруға бағытталған.

Сондай-ақ қарапайым цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді пайдалану, ақпаратты іздеу, таңдау және беру, нысандар мен процестерді жобалау, деректерді талдау, түсіндіру және ұсыну үшін кестелермен, сызбалармен, графиктермен және диаграммалармен жұмыс істеудің қарапайым әдістерін қолдану дағдылары қалыптастырылады.

"Адам және қоғам" білім беру саласы пәндерінің мазмұны "Адам – Қоғам" жүйесі аясында пропедевтикалық білім беруге бағытталған. Оқу пәндерінің мазмұны өткен және қазіргі қоғамдық құбылыстарды және олардың өзара байланысын зерттеуге, адамдардың отбасындағы және қоғамдағы қарым-қатынасын тануға; Отан игілігі үшін еңбек етуге, отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға, өзінің отбасындағы, жергілікті, өңірлік, ұлттық және жаһандық қоғамдастықтағы орнын түсінуге бағытталған.

Сонымен қатар Қазақстан қоғамының және жалпыадамзаттық құндылықтарды түсіну, әр білім алушының табиғи қабілеттері мен шығармашылық әлеуетін ашу, өз мәдениетіне және басқа халықтардың мәдениетіне құрметпен қарауды дамыту, өз іс-әрекеттері үшін жеке жауапкершілікті қалыптастыру, басқа адамдардың сезімдеріне жанашырлық таныту, адамға және қоршаған ортаға ізгілікпен қарауға тәрбиелеу көзделген.

"Технология және өнер" білім беру саласы "Музыка", "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері" оқу пәндерімен ұсынылған.

Білім беру ұйымы алынған лицензияға сәйкес білім беру қызметін жүзеге асырады және оның қолданылу мерзімі бойы білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын, сондай-ақ оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін сақтайды. Бұл талап жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қолданылмайды.

Сыныпты екі топқа бөлу қалалық білім беру ұйымдарында сыныптағы білім алушылар саны 24 және одан көп, ауылдық жерлерде 20 және одан көп болған жағдайда мына пәндер бойынша жүзеге асырылады:

  • қазақ тілінде оқытпайтын сыныптардағы қазақ тілі;
  • шетел тілі;
  • цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект (1-сыныптан басқа).

Қалалық білім беру ұйымдарында сыныптағы білім алушылар саны 24 және одан көп, ауылдық жерлерде 20 және одан көп болған жағдайда орыс тілінде оқытпайтын сыныптарда орыс тілі пәні бойынша сыныпты екі топқа бөлуге рұқсат етіледі.

Тиісті мемлекеттік органдар шектеу шараларын енгізген, карантин жариялаған, әлеуметтік, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған кезде барлық оқу пәндері бойынша сыныпты топтарға бөлуге болады. Бұл жағдайда бір топтағы білім алушылар саны 15-ке дейін болады.

"Тіл және әдебиет" білім беру саласы бойынша күтілетін нәтижелер

Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:

Тыңдау және сөйлеу

  • әңгіменің, оқылған немесе тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсінеді және жеткізеді;
  • сөйлеушінің көзқарасының қалай берілгенін анықтайды, қорытынды жасайды;
  • пікірталастың тақырыбын түсінеді және сөйлеу нормаларын сақтай отырып, талқылауға қатысады; синонимдерді, антонимдерді, омонимдерді, тура және ауыспалы мағыналы сөздерді саналы түрде қолданады;
  • баяндау және сипаттау мәтіндерінің мазмұнын эмоционалды-бейнелі құралдарды пайдалана отырып, әртүрлі тәсілдермен мазмұндайды;
  • көркем шығармалардың мазмұнын әртүрлі тәсілдермен мазмұндайды;
  • оқығаны және тыңдағаны туралы ой қозғайды, өз ойлары мен эмоцияларымен бөліседі;
  • логикалық бірізділікті сақтай отырып, өз көзқарасын дәлелдейді;
  • ұсынылған тақырып пен коммуникативтік мақсатқа сәйкес өз бетінше байланысты, логикалық және дәлелді пікірлер құрастырады;
  • әртүрлі сөйлеу қарым-қатынасы тәсілдерін пайдаланып, диалогқа қатысады;
  • оқылған және тыңдалған ақпарат негізінде рухани-адамгершілік құндылықтар туралы түсініктерді талдайды.

Оқу

  • ауыз әдебиеті шығармалары мен балалар әдебиетін оқиды, кейіпкерлердің мінезін талдайды және олардың іс-әрекетіне баға береді;
  • көркем және көркем емес мәтіндерді ажыратады;
  • көркем шығармалардың негізгі идеясын және композициясын анықтайды;
  • шығарманың жанрын анықтап, жауабын немесе таңдауын негіздейді;
  • автордың бейне жасау үшін пайдаланған бейнелеу және көркемдік құралдарын анықтайды;
  • жазушының кейіпкерлеріне деген көзқарасы туралы қорытынды жасайды;
  • белгілі бір оқу түрлері мен стратегияларын пайдалана отырып, мәтіндерді оқиды;
  • шығармалардағы оқиғалардың даму барысын болжайды; мәтін түрлерін (сипаттау, баяндау және пайымдау) анықтайды;
  • әңгімелерді және өлеңдерді түсініп, мәнерлеп оқиды;
  • өлеңді жатқа түсініп, мәнерлеп оқиды;
  • көркем әдебиет шығармаларынан жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтайды;
  • мәтіндерді іздеу, талдау және түсіндіру үшін цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді пайдаланады.

Жазу

  • сәйкес сөздерді таңдай отырып, әртүрлі типтегі, жанрдағы және стильдегі өз мәтіндерін жазады;
  • мәтіндерді салыстыру және талдау үшін цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді пайдаланады;
  • меңгерген грамматикалық, орфографиялық және пунктуациялық нормаларға сәйкес жазады;
  • суреттер, сызбалар, графиктер және кестелер сияқты түрлі нысандарды пайдаланып мәтіндер жазады;
  • жазудың гигиеналық және каллиграфиялық талаптарын сақтайды;
  • Қазақстан халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне байланысты тақырыптарда шағын шығармалар жазып, өзінің адамгершілік ұстанымын білдіреді;
  • диктант жазады, мәтін мазмұнын мазмұндама түрінде бірізді жеткізеді және берілген тақырып бойынша шығарма жазады.

"Қазақ тілі" және "Орыс тілі"

Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:

Тыңдалым

  • әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени қарым-қатынас салаларына қатысты аудиовизуалды материалдардың мағынасын түсінеді;
  • мәтіннің тақырыбын, негізгі идеясын, негізгі және қосымша ақпаратын жеткілікті толықтықпен, тереңдікпен және дәлдікпен түсінеді;
  • қарым-қатынас жағдайына, орнына және қатысушыларына байланысты сөйлеу стилінің қалай өзгеретінін түсінеді; әртүрлі пікірлерді ескере отырып, оқиғаның немесе әңгіменің мазмұнын болжайды.

Сөйлеу

  • әңгімелер мен оқиғалардың мазмұнын, оның ішінде алдын ала жазбалар мен жоспарды пайдалана отырып жеткізеді;
  • оқығаны мен тыңдағаны туралы сұрақтар құрастырады және өз көзқарасын білдіреді;
  • ұсынылған тақырып пен коммуникативтік мақсатқа сәйкес өз бетінше байланысты, логикалық пікірлер құрастырады;
  • әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени қарым-қатынастың әртүрлі жағдайларында өз коммуникативтік мақсатын білдіре отырып, диалогқа қатысады;
  • сөйлеу дағдыларын жетілдіру үшін цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді көмекші құрал ретінде қолданады.

Оқу

  • әртүрлі оқу түрлері мен стратегияларын пайдалана отырып, мәтіндерді оқиды;
  • бейтаныс сөздер кездесетін мәтіндегі негізгі ақпаратты, қорытындыларды және автордың бағасын түсінеді; көркем және көркем емес мәтіндерді ажыратады;
  • қажетті ақпаратты әртүрлі дереккөздерден, соның ішінде ЖИ көмегімен цифрлық ресурстардан табады;
  • сөздіктер мен анықтамалықтарды пайдаланып, бейтаныс сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын анықтайды;
  • қазақ және әлем әдебиетінің көркем шығармаларындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтайды.

Жазу

  • тыңдалған мәтін, оқылған ақпарат және болған оқиға бойынша қысқаша жазбалар (тақырыптар, жекелеген фактілер, пікірлер) жасайды;
  • грамматикалық, орфографиялық және пунктуациялық нормаларды сақтай отырып, баяндау және баяндауға жатпайтын мәтіндер құру үшін тиісті лексикалық бірліктерді қолданады;
  • каллиграфия талаптарына сәйкес әріптерді дұрыс жазу дағдыларын меңгереді;
  • ақпаратты талдау үшін цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді пайдаланады.

"Шетел тілі"

Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:

Тыңдалым

  • таныс тақырыптағы қысқа әңгіменің негізгі мазмұнын түсінеді, таныс сөздер мен сөз тіркестерінің айтылуын ажыратады;
  • түс пен сандар туралы қысқа сұрақтарды түсінеді;
  • таныс тақырыптағы қысқа әңгіменің мазмұны мен мағынасын болжау үшін контекстік көмектерді пайдаланады;
  • баяу әрі анық айтылған қысқа әңгімелердің жалпы мағынасын түсінеді.

Сөйлеу

  • өзі туралы негізгі мәлімдемелер мен пікірлерді айтады, сұрақтар құрастырады; сұрақтарға жауап береді;
  • сөйлеу қабілетін дамыту үшін цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді пайдаланады;
  • заттар мен оқиғаларды сипаттағанда негізгі сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс интонация және екпінмен айтады;
  • өзіне ұнайтын және ұнамайтын нәрселерін білдіреді.

Оқу

  • мәтіндермен жұмыс істеу кезінде суретті сөздікті және цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді пайдаланады;
  • әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптағы шағын көркем және көркем емес мәтіндерді оқып, түсінеді;
  • шағын мәтіндердің негізгі мағынасын анықтайды;
  • шағын мәтіндерден нақты ақпарат пен мәліметтерді анықтайды.

Жазу

  • жиі қолданылатын сөздерді дұрыс жазады, олардың жазылуы мен айтылуындағы айырмашылықтарды біледі;
  • қысқа сөйлемдерді диктант арқылы жазады;
  • сөйлем соңына тыныс белгілерін дұрыс қояды;
  • дауыстап оқылған мәтінді тыңдап, диктант жазады;
  • цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді өз жұмысының нәтижелерін тексеру үшін пайдаланады.

"Математика және информатика" білім беру саласы бойынша күтілетін нәтижелер

Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:

  • "цифр", "сан", "координаталық сәуле", "санның бөлігі", "жай бөлшек", "аралас сан", "сандық өрнек", "әріпті өрнек", "теңдеу", "теңсіздік", "бұрыштың градустық өлшемі", "пайыз", "жиын", "симметрия", "ақпарат", "нысан", "файл", "бума", "жарлық", "модель", "компьютерлік желі", "Интернет", "алгоритм", "алгоритм орындаушысы", "бағдарлама", "робот", "датчик", "жасанды интеллект", "генеративті модель", "промпт", "киберқауіпсіздік", "академиялық адалдық" ұғымдарының мағынасын біледі; ондық санау жүйесіндегі разряд бірліктерінің мәнін;
  • жазық және кеңістіктік геометриялық фигуралар мен олардың элементтерін;
  • шаршы мен тіктөртбұрыштың периметрі мен ауданын есептеу формулаларын;
  • бөлімдері бірдей бөлшектерді қосу және азайту ережелерін біледі;
  • операциялық жүйе нысандарының мақсатын, ақпаратты ұсыну түрлері мен өлшем бірліктерін, компьютердің негізгі бөліктерін, енгізу және шығару құрылғыларын біледі;
  • қолданбалы және сервистік бағдарламалардың, операциялық жүйенің мақсатын, ЖИ технологиялары мен білім беру робототехникасының негізгі мүмкіндіктерін біледі; компьютермен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтайды;
  • натурал сандармен, шамалармен арифметикалық амалдардың мәні мен ретін және олардың арасындағы байланысты;
  • шамалар арасындағы қарапайым тәуелділіктерді; жиындардың "қиылысу" және "бірігу" амалдарының мәнін; пайыздарды бөлшекке, бөлшектерді пайызға айналдыруды түсінеді; тұрақты және айнымалы шамалардың айырмашылығын;
  • компьютердің негізгі бөліктерінің, енгізу және шығару құрылғыларының, операциялық жүйе интерфейсі элементтерінің қызметін түсінеді;
  • компьютерлік техниканың адам денсаулығына әсерін, ақпарат пен деректерді зиянды бағдарламалардан қорғаудың маңызын, ақпаратқа авторларға сілтеме жасаудың қажеттілігін түсінеді;
  • цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдаланудың маңызын, ЖИ-дің мүмкіндіктері мен шектеулерін, ЖИ көмегімен алынған ақпаратты тексеру қажеттілігін, дербес деректерді қорғаудың, академиялық адалдық пен цифрлық технологияларды пайдалану кезіндегі этикалық нормаларды сақтаудың маңызын түсінеді;
  • математикалық таңбаларды, арифметикалық амалдарды және олардың қасиеттерін өрнектер жазу, сандық өрнектерді түрлендіру және есептер шығару үшін қолданады;
  • натурал сандармен ауызша және жазбаша есептеу тәсілдерін, шамаларды өлшеудің стандартты және стандартты емес бірліктерін, шамаларды өлшеуге арналған құралдарды қолданады;
  • есептердің шарттарын жазу үшін математикалық тіл мен графикалық модельдерді, теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу алгоритмдерін, шаршының, тіктөртбұрыштың және тікбұрышты үшбұрыштың периметрі мен ауданын есептеу тәсілдерін қолданады;
  • ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және беру үшін цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді пайдаланады;
  • әртүрлі ақпарат түрлерімен жұмыс істеу және модельдер жасау үшін қолданбалы бағдарламаларды, қойылған міндеттерді шешу үшін цифрлық технологиялар мен ЖИ құралдарын қолданады; мәтіндер мен суреттер жасау үшін жасанды интеллект құралдарын пайдаланады;
  • оқу міндеттерін шешу кезінде бағдарламалау, алгоритмдеу және робототехника элементтерін қолданады; компьютерде заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып жұмыс істеу қағидаларын қолданады;
  • ауызша және жазбаша есептеудің тиімді тәсілдерін, геометриялық фигуралардың ерекшеліктерін, сандық және айнымалысы бар өрнектер мәндерінің салыстыру нәтижелерін талдайды; шамалар арасындағы тәуелділіктерді, реттіліктердегі жетіспейтін элементтерді табу заңдылықтарын, қарапайым комбинаторлық және логикалық есептерді, есеп шарттарының сызба, сурет және кесте түріндегі жазбаларын талдайды; әртүрлі дереккөздерден, оның ішінде ЖИ көмегімен алынған ақпараттың дұрыстығын, өзектілігін және дәлдігін талдайды;
  • цифрлық ортадағы қауіптер мен жеке ақпаратты қорғау тәсілдерін талдайды; заттарды олардың белгілері мен кеңістіктегі орналасуына қарай синтездейді және жіктейді; шамалар арасындағы тәуелділіктің математикалық моделін, нақты нысандар мен процестердің қарапайым модельдерін сурет және сызба түрінде жасайды;
  • берілген деректер немесе математикалық модель бойынша есеп және оған кері есеп құрастырады;
  • цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді қолдана отырып, практикалық міндеттерді шешуге арналған нысандар мен жағдайлардың модельдерін жасайды;
  • қолданбалы бағдарламалар мен желілік сервистердің әртүрлі міндеттерді шешудегі мүмкіндіктері туралы білімдерін қолданады;
  • мәтіндік, графикалық, дыбыстық және мультимедиялық ақпаратты біріктіре отырып жобалар жасайды;
  • практикалық міндеттерді шешу үшін ЖИ мен білім беру робототехникасының мүмкіндіктерін пайдаланады;
  • өлшеу нәтижесін, сандар, шамалар мен геометриялық фигуралар туралы қарапайым тұжырымдардың ақиқат немесе жалған екенін, график, кесте және диаграмма түрінде берілген деректерді бағалайды;
  • модельдің белгіленген талаптарға сәйкестігін, қолданбалы бағдарламалар мен желілік сервистерді міндеттерді шешу үшін пайдалану мүмкіндігін бағалайды;
  • ЖИ жауаптарының дұрыстығын, цифрлық технологияларды пайдалану кезінде киберқауіпсіздік, академиялық адалдық және этикалық нормалардың сақталуын бағалайды.

"Жаратылыстану" білім беру саласы бойынша күтілетін нәтижелер

Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:

  • Күн жүйесінің ғаламшарлары мен олардың ерекшеліктерін, Жер мен оның табиғаты, Ғалам туралы негізгі жаратылыстану ұғымдарын біледі;
  • ғылыми таным әдістерін: бақылау, эксперимент және тәжірибені біледі;
  • зерттеулерді жоспарлау және жүргізу кезіндегі қауіпсіздік негіздерін, табиғи апаттар кезіндегі тәртіп ережелерін біледі;
  • адам, өсімдік, жануар және саңырауқұлақтардың өмірлік циклін, олардың негізгі мүшелерінің құрылысы мен орналасу ерекшеліктерін және қызметін біледі; өсімдіктерді, жануарларды және саңырауқұлақтарды жіктеуді, фотосинтез процесінің негіздерін, жарықтың кейбір қасиеттерін, физикалық күштердің кейбір түрлері мен олардың пайда болу себептерін, энергияның жекелеген түрлерін біледі;
  • Жердегі кең таралған заттардың құрамы мен қасиеттерін, әртүрлі денелердің қасиеттерін және олардың қолданылу салаларын, пайдалы қазбалардың негізгі түрлері мен маңызын, Қазақстан Республикасындағы негізгі пайдалы қазба кен орындарын біледі;
  • қоршаған ортаға ұқыпты қараудың және Жердегі биоалуантүрлілікті сақтаудың маңызын түсінеді; жеке гигиенаны сақтаудың қажеттілігін, ағзаның қорғаныш қызметтерін, табиғат компоненттерінің тірі ағзалар үшін маңызын түсінеді;
  • ағзалардың қоршаған ортаға бейімделу ерекшеліктерін, омыртқалы және омыртқасыз жануарлардың қарапайым айырмашылықтарын, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қажеттілігін түсінеді;
  • экологиялық мәдениетті қолдауда цифрлық технологиялардың, оның ішінде ЖИ-дің рөлін түсінеді; табиғи нысандарды, процестер мен құбылыстарды зерттеу үшін зерттеу әдістерін, өлшем бірліктерін және қарапайым өлшеу құралдарын қолданады;
  • жүргізілген зерттеуді түсіндіру үшін тиісті ғылыми терминологияны пайдаланады;
  • өз аймағындағы өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің қарапайым белгілері туралы білімдерін жіктеу үшін қолданады;
  • зерттеу жүргізу және нәтижелерді өңдеу үшін цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді пайдаланады;
  • табиғат компоненттері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды, материалдардың қасиеттерін және олардың қолданылу мүмкіндіктерін, белгілі бір аумақтың өсімдіктері мен жануарлар дүниесін, әртүрлі тіршілік ортасының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын талдайды;
  • өз зерттеулерінің деректері мен әртүрлі дереккөздерден алынған материалдарды, цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді талдайды;
  • тірі және өлі табиғат нысандары мен құбылыстарын зерттеуді жоспарлау және жүргізу үшін алған білімдері мен дағдыларын жинақтайды; ақпараттық материалдарды сурет, сызба, график, диаграмма және кесте түрінде біріктіреді;
  • қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша идеяларды, микро және макроәлем нысандарының, құбылыстары мен процестерінің имитациялық және графикалық модельдерін жасайды;
  • зерттеуді жоспарлау және жүргізу үшін цифрлық ресурстардан және ЖИ-ден алынған ақпаратты пайдаланады;
  • табиғи құбылыстар мен процестердегі өзгерістердің себептерін, ғылым мен техниканың адам өмірі мен қоршаған ортаға әсерін, өз зерттеу нәтижелерінің жасалған болжамға сәйкестігін бағалайды.

"Адам және қоғам" білім беру саласы бойынша күтілетін нәтижелер

Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:

  • отбасының, мектеп қоғамдастығының құрылымын, құрамын және қызметтерін, адамның негізгі әлеуметтік қызметтерін біледі;
  • "адам – қоғам" өзара байланысы туралы бастапқы түсініктерді, "қауіпсіздік", "денсаулық" ұғымдарын және олардың негізгі белгілерін біледі;
  • тұлғаның, отбасының, қоғамдастықтар мен жалпы қоғамның ерекшеліктерін, олардың адам өміріндегі маңызы мен рөлін түсінеді;
  • Қазақстанның географиясы мен тарихы туралы жалпы мәліметтерді, Қазақстан халқының негізгі дәстүрлері мен фольклорын, Қазақстанның әлемдегі рөлі мен орнын, мемлекеттік рәміздерін біледі;
  • Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, азаматтың құқықтары мен міндеттерін біледі;
  • "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасының "Тәуелсіздік және отаншылдық", "Бірлік және ынтымақ", "Әділдік және жауапкершілік", "Заң және тәртіп", "Еңбекқорлық", "Жасампаздық және жаңашылдық" құндылықтарын біледі;
  • жалпыадамзаттық құндылықтарды, позитивті және достық қарым-қатынас ережелерін, әдеп ережелерін, оқушының құқықтары мен міндеттерін, салауатты өмір салтының ережелерін біледі;
  • өзін Қазақстанның жас азаматы ретінде сезіну арқылы өзінің азаматтық бірегейлігін және белгілі бір этносқа тиесілігін түсінеді;
  • отбасының, туған жердің және Отанның құндылығын, көпұлтты Қазақстан қоғамының құндылықтарын түсінеді;
  • Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің, мемлекеттік тілдің және Қазақстан халқының тілдеріне құрметпен қараудың маңызын түсінеді;
  • қоғамдағы адамның адамгершілік мінез-құлық нормаларын, мектеп, ауыл, қала және ел өміріне өзінің қатыстылығын, қоғамға қызмет етудің маңызын түсінеді;
  • ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың маңызын, саяхаттың адам өмірі мен қоғам дамуына әсерін, өзін-өзі тану мен өзін-өзі дамытудың маңызын түсінеді;
  • "еңбек", "өзара түсіністік", "өмірге қуанышты қарау", "оптимизм", "ізгілік", "жомарттық", "кеңпейілділік", "отансүйгіштік", "шығармашылық" ұғымдарының мазмұнын және олардың маңызын түсінеді; салауатты өмір салтын ұстанудың, табиғатты тіршілік көзі ретінде бағалаудың және оған ұқыпты қараудың қажеттілігін түсінеді;
  • цифрлық ортадағы жауапты және этикалық мінез-құлық қағидаларын, қоғамдық келісім мен адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің маңызын түсінеді;
  • қоғамдық процестер мен құбылыстарды зерттеу, оқу тапсырмаларын орындау, шығармашылық, танымдық, зерттеу және жобалау сипатындағы жұмыстарды орындау үшін таным әдістерін қолданады;
  • саяхат, қарапайым қаржылық қатынастар саласындағы жеке тәжірибесі мен білімін, салауатты өмір салты, жеке гигиена, тамақтану және күн тәртібі туралы білімдерін қолданады;
  • алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша қарапайым білімдерді, қоршаған ортаға бейімделу үшін жеке және қоғамдық тәжірибені, әдеп ережелерін қолданады;
  • отбасында және ұжымда позитивті, достық қарым-қатынасты сақтау үшін қарым-қатынас ережелерін қолданады;
  • отбасы, қоғам, мәдениет және дәстүрлер туралы ақпаратты іздеу және жүйелеу үшін цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді пайдаланады;
  • Қазақстанның әлемдегі орнын, зерттелетін қоғамдық құбылыстар мен процестердің адам өміріндегі рөлі мен маңызын, Қазақстан халқының мәдени-ғұрыптық дәстүрлеріндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды талдайды;
  • тұлғаның, отбасының және мектеп қоғамдастығының дамуына әсер ететін факторларды, адамның өміріндегі негізгі ресурстардың маңызын, денсаулық пен қауіпсіздік факторларын талдайды;
  • адамдардың сезімдері мен іс-әрекеттерін, олардың себептері мен салдарын, өзінің эмоционалдық жағдайын, әртүрлі дереккөздер мен цифрлық ресурстардан, ЖИ-ден алынған деректерді талдайды;
  • қоғамдық құбылыстар мен процестерді жүйелеу және жіктеу үшін білімдері мен дағдыларын біріктіреді;
  • қоғамның өзекті мәселелерін анықтау үшін білімдері мен дағдыларын пайдаланады;
  • кеңістікте (орын), уақытта (хронология), әлеуметтік ортада (қоғам) бағдарлану үшін өз шешімдерін ұсынады;
  • отбасылық, тұлғааралық және қоғамдық салалардағы коммуникация модельдерін, өмір қауіпсіздігі және саяхат ұйымдастыру бойынша жеке жобаларын әзірлейді;
  • өзінің рухани-адамгершілік дамуына қатысты шешімдер қабылдайды;
  • өзінің мінез-құлқы мен айналасындағы адамдардың іс-әрекетін адамгершілік нормалар тұрғысынан бағалайды;
  • отбасының, қоғамның және елдің әр адамның өміріндегі маңызын, дәстүрлер мен фольклордың қазіргі өмірдегі рөлін бағалайды;
  • тұтыну заттарының маңыздылығы мен құнына қарай маңызын, сабақтағы жұмысына қанағаттану деңгейін, тұлғааралық, қоғамдық және қаржылық-экономикалық қатынастар саласындағы өз жетістіктерін бағалайды;
  • өзінің эмоционалдық және физикалық жағдайын, адамдардың мінез-құлқын жалпы қабылданған адамгершілік нормалары тұрғысынан бағалайды.

"Дене шынықтыру" білім беру саласы бойынша күтілетін нәтижелер

Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:

  • ағзаның дамуына ықпал ететін негізгі дене жаттығуларын, оларды орындау ережелері мен техникасын, дене жаттығуларын орындау кезіндегі қауіпсіздік техникасын біледі;
  • қыздыру және жаттығудан кейінгі босаңсыту жаттығуларын орындау ережелерін, дене жаттығуларын орындау кезінде ағзадағы физикалық өзгерістерді бақылау тәсілдерін біледі;
  • дене дайындығын жақсарту үшін дене бөліктері мен бұлшықеттерін дамыту әдістерін біледі;
  • денсаулықты нығайтудағы дене шынықтырудың маңызын, елдің дамуындағы дене шынықтыру мен спорттың рөлін және елге деген мақтаныш сезімін қалыптастырудағы маңызын түсінеді;
  • орындалатын жаттығулардың күрделілік деңгейін, әртүрлі дене жүктемелерінің қажетті қарқындылығын қамтамасыз ету қажеттілігін түсінеді;
  • физикалық, психикалық және эмоционалдық денсаулықты қолдаудың маңызын, әртүрлі дене жаттығуларын орындау кезінде туындайтын қауіптерді түсінеді;
  • өзінің жағдайын бақылау үшін цифрлық технологиялардың, оның ішінде ЖИ-дің мүмкіндіктерін пайдаланады;
  • ортақ мақсаттарға жету үшін дербес және бірлескен жұмысты орындау дағдыларын қолданады;
  • дене жаттығулары кешенін орындау кезінде ережелер мен композициялық тәсілдерді, жаттығуларды орындаудың дұрыс реттілігін қолданады;
  • уақытты, кеңістікті және қозғалысты үйлестіру дағдыларын көрсетеді;
  • дене дамуының кемшіліктерін жою және денсаулыққа төнуі мүмкін қауіптердің алдын алу үшін арнайы жаттығуларды қолданады;
  • дұрыс тамақтану мен қимыл-қозғалыс режимінің негізгі қағидаларын, өз бетінше жаттығу жасау және жаттығуларды үйрену үшін цифрлық технологиялар мен ЖИ-ді қолданады;
  • дене жаттығуларын орындаудағы жеке жетістіктері мен тәжірибесін, әртүрлі дене белсенділігі түрлеріндегі жеке қабілеттерінің жақсаруын және өзіне деген сенімділік деңгейін талдайды;
  • ортақ мақсаттарға жетудегі ынтымақтастық пен адал бәсекелестік жағдайларын талдайды;
  • спортшылардың жетістіктері мен тәжірибесін зерттеу және салыстыру үшін цифрлық технологиялар, оның ішінде ЖИ арқылы алынған физикалық белсенділік туралы деректерді талдайды;
  • әртүрлі қозғалыс түрлерінен қозғалыс комбинацияларын және әртүрлі спорттық тактикаларды пайдалана отырып стратегияларды біріктіреді;
  • әртүрлі дене белсенділігі жағдайларына бейімделу үшін білімдері мен дағдыларын қолданады;
  • жеке жаттығуларын жоспарлау және бақылау үшін цифрлық технологиялар мен ЖИ көмегімен алынған нәтижелерді пайдаланады;
  • әртүрлі дене жүктемелері кезінде туындайтын қиындықтар мен қауіптерді, өзінің және басқа адамдардың физикалық мүмкіндіктерін, мектеп ішінде және одан тыс спорттық іс-шараларға қатысу мүмкіндігін бағалайды.

Бұдан бөлек, құжатқа басқа да өзгерістер енгізілді. Құжаттың толық нұсқасын мына жерден көруге болады.

Бұйрық 2026 жылғы 28 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: