Николайдың Instagram-дағы жазбасына сүйенсек, әуежайда оларға жергілікті шопыр өз қызметін ұсынған. Діттеген жерге 20 минутта жеткізетінін айтып, жолаушылардың жүктерін ала жөнелген.
"Әуежайда сим-карта алып тұрғанбыз, бір кісі келіп, жеткізіп тастаймын деп ұсыныс жасады. Бағасын сұрағанымда, 20 минуттық жол, құны 7 000 теңге деді. Бұл шамамен 1 200 рубль болады. Біз келісім бердік, өйткені Яндекс таксиін күткіміз келмеді, қатты шаршаған едік, тамақ жегіміз келді, ұйықтағымыз келді. Ал, жол бойы шопыр терезеден темекісін асықпай шегіп келді. Төрт рет басқа жүргізушілердің кесірінен апатқа түсіп кете жаздадық, бірақ біздің жүргізуші бұл жағынан шапшаң екен. Сосын, күтпеген жерден, біз бәріміз бірге көлік жууға бардық, себебі көлігі бір апта жуылмаған, кір болып қалған екен. Міне, Алматы, таңғы 8, мен және жұбайм, әні әлгі кісі" – деп жазды Николай.
Келесі жазбасында ол оқырмандардың: "Неге автожууға баруға келісіп қойдыңдар?" деген сұрағына жауап берді:
"Оны өзім де білмеймін, ол кісі сыпайы ғана өтінді, біз қарсы болмадық. Расында, "5 минут" деді, бірақ біз онда 35 минут отырдық. Сондай-ақ, әуежайда 7 000 теңгеге келіскенбіз, ал келген соң 10 000 теңге алды. Себебін: "біз енді ары-бері жүрдік қой" деп түсіндірді. Бірақ біз тек автожууға ғана кіргенбіз. Жалпы, күлкілі болды, есте қаларлық жағдай", – деп жазды блогер.
Бұл жағдайға жұп сабырмен әрі әзілмен қараған. Ал оқырмандар, соның ішінде қазақстандықтар да, түрлі пікір білдірді: біреулер әзілмен қолдап жатса, енді біреулер таксистің әрекетін ұят деп бағалап, кешірім сұраған. Кейбіреулер бұл сапардың құны тым қымбат екенін де айтып өтті.
- Қазақстан туралы жағымсыз пікір қалыптастырмаңыздаршы. Ол адам сондай, Қазақстан, Алматы басқаша. Оның әрекеті үшін кешірім сұраймын!
- Өздеріңіз келісім берген екенсіздер ғой!
- Есесіне, қаланы шарлап қайттыңыздар...
- Алматы қалай екен? Көңілден шықты ма?
- Такси жүргізушісінің әрекеті үшін мен ұялып отырмын!
- Масқара, қалай мұндай әрекетке баруға болады!
- Яндекс шақыра салуларыңыз керек еді ғой...
- Қазақстан сіздер ойлағандай жаман емес...
Бұған дейін Ақтауда түркі елдерінің "Қорқыт ата" кинофестивалі шымылдығын түргенін жазғанбыз.