"Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Мейрамовтың айтуынша, қолданыстағы ережелерге сәйкес, операторлар өз шығындары артқан жағдайда тарифтерді көтере алады.
"Тариф құрылымына операторлардың бірқатар шығындары кіреді — мысалы, электр энергиясы мен жабдықтарды сатып алу. Егер осы шығындар өссе, ол тарифтердің де қымбаттауына әсер етеді", – деді ол.
Ал Beeline Kazakhstan компаниясының президенті Евгений Настрадиннің сөзінше, келер жылы тарифтердің орташа өсу деңгейі 15–20% шамасында болады.
"Біз бағаларды жылына бір реттен артық өзгертпейміз. 2026 жылы қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі күтілуде — бұл салаға айтарлықтай әсер етеді. ҚҚС өзгерісі шамамен 35–40 млрд теңгеге қосымша шығын әкеледі. Сол себепті тарифтерді қаңтар айында қайта қарауды жоспарлап отырмыз", – деп түсіндірді Настрадин.
Ұқсас пікірді "Мобайл Телеком-Сервис" компаниясының басқарма төрағасы Александр Бабичев те білдірді.
"Бағаның өсуіне басты себеп – халық тарапынан өсіп келе жатқан сұраныс және оған ілесе алмай жатқан инфрақұрылым. Операторлар желіні кеңейтуге едәуір қаржы салуға мәжбүр. Экономикалық және салықтық өзгерістерді, инфляциялық күтулерді ескере отырып, тарифтерді 15–20% көлемінде түзету мүмкіндігін қарастырып отырмыз", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Цифрлық даму министрлігі 2026 жылға дейін ел аумағын толық ұялы байланыспен қамтуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді.