Бір қоңырау – және сіз банкротсыз: ҚМА өкілі дипфейктердің адам өміріне тигізер қаупін айтып берді

Сурет: Zakon.kz
ҚМА Превенция және талдамалық әзірлемелер департаменті басшысының орынбасары Андрей Давыдов 2025 жылғы 27 қарашада өткен "ҚМА цифрлық қауіпсіздік сабақтары" форумында дипфейктерді қолданатын алаяқтықтың қарқынды өсіп келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өз сөзін Андрей Давыдов Гонконгтағы жеке компания қызметкерінің мысалынан бастады. Ол әріптестерінің дипфейктерін шынайы деп ойлап, алаяқтарға 25 млн доллар аударған.

"Ол барлық қатысушылар, соның ішінде қаржы директоры да дипфейк болған бейнеконференцияға қатысқан. Күлкілі сияқты, иә? Бірақ бұл – бүгінгі шындық. Дипфейктер – қоғам үшін ең үлкен қауіптердің бірі. Статистикаға қарасақ, 2019 жылдан бері олардың саны 550%-ға артқан. Бұл жай ғана сандар емес – енді көз бен құлаққа да сену қауіпті болған жаңа шындық. Resemble.ai дерегінше, 2025 жылы жасанды интеллект қолданылған алаяқтықтан келген қаржылық шығын 200 млн доллардан асты. Бұл тек 2025 жылдың алғашқы төрт айының көрсеткіші. Ал Deloitte компаниясы 2027 жылға қарай мұндай алаяқтықтан келетін шығын 40 млрд долларға жетеді деп болжауда. Бұл сандарға ой жүгіртіп көріңіздер", – деді Давыдов.

Қазақстанда да жағдай алаңдатарлық. ІІМ дерегінше, биылдың өзінде дипфейктерге қатысты 40-тан астам қылмыстық іс тіркелген.

Сурет: Zakon.kz

"Бұл – болашақ туралы қиял емес, әрқайсымызға төнетін нақты қауіп. Енді оның қалай жұмыс істейтінін талдап, қорғаныс шараларын қарастырайық. Алдымен, дипфейк-қатердің негізгі үш түрін талдайық. Біріншісі – әлеуметтік желілердегі дипфейктер. Мұндаймен көпшілігі бетпе-бет келген де болуы мүмкін: Instagram, Telegram, "ВКонтакте"-де жалған парақшалар ашылады. Алаяқтар тартымды адамдардың бейнесі мен фотоларын қолданып, олардың атынан сөйлеседі. Өздерін қыз немесе жігіт ретінде таныстырып, сенімге кіреді. Ал шын мәнінде хаттарды алаяқтар жасаған бот жазады. Мақсаты – ақша, жеке деректер, интим фото немесе құпия ақпаратты алып, кейін бопсалау", – деді спикер.

Давыдов жақында Астанада болған оқиғаны да мысал ретінде атап өтті. Онда қала тұрғыны өзін шетелдік ретінде таныстырған бейтаныс адамға сеніп, 9 млн теңгесін аударған.

"Интернет-романдар әдемі-ақ, бірақ әдемі сөздердің артында алаяқ тұруы мүмкін. Ер адам Дубайда екенін, оның картасы бұғатталып қалғанын айтып, қонақ үй мен үйге қайтуға билет алу үшін ақша сұрайды. Ол қаражатты қайтаруға уәде берген. Алғашында қыз күмәнданған, алайда кейінірек ақшаны аударған. Мұнда неге назар аудару керек? Ғашық екенін бірден мойындау, бейнеқоңырауларға шықпау мен аянышты әңгімелер: қиындықтар, құжаттармен мәселелер, құнды зат, ақша жайлы өтініштер, ауруға шалдығу. Қалай қорғану керек? Ешқашан бейтаныс адамдарға ақша жібермеңіз, ақпаратты тексеріңіз, күдік туса бірден құқық қорғау органдарына жүгініңіз", – деп толықтырды ол.

Давыдовтың айтуынша, келесі қауіпті схема – дауыс дипфейктері. Технология адамның дауысын 30 секундтық жазбадан-ақ көшіріп, кез келген сөзді айтқызуға мүмкіндік береді.

"Елестетіп көріңізші, сіз екі күн бойы ұйықтамай емтиханға дайындалғансыз. Бұл уақытта сізге "анаңыз" қоңырау шалады: "Ұлым-қызым, мен өзімді жайсыз сезінудемін, ота жасау керек, шұғыл ақша аударшы". Дауыс таныс, интонация сәйкес келеді. Қалай сенбейсің? Бұл – алаяқтың мінсіз қаруы. Заманауи технологияларға кез-келген сөз тіркестерін айтуға қабілетті көшірме жасау үшін 30 секундтық дауыстық жазба жетіп жатыр. Сондай-ақ видеодипфейктер бар. Алаяқтар әлеуметтік желілерден алынған жақындарыңыздың суреттері мен бейнелерін пайдаланады. Сондықтан WhatsApp-та да және басқа желілерде де жеке деректерге қолжетімділікті шектеу қажет", – деді сарапшы.

Ол маңызды кеңестерді де атап өтті:

"Видеодипфейктің төрт белгісі бар: табиғи емес жыпылықтау, дұрыс түспеген көлеңкелер, бет пен мойын арасындағы бұлыңғыр шекара, қозғалмайтын шаш. Қорғану ережелері: жақындарыңызбен құпия код сөз келісіп алыңыз, күмәндансаңыз – өзіңіз білетін нөмірге қайта қоңырау шалыңыз, бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз, шұғыл өтініштерге сенбеңіз, бейтанысқа дауыстық хабарлама немесе сурет жібермеңіз. Қауіпсіздіктің басты кілті – сыни ойлау. Егер бір нәрсе тым күмәнді немесе тым "пайдалы" көрінсе – тоқтаңыз".

2025 жылы 27 қарашада Астанада "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде "ҚМА цифрлық қауіпсіздік сабақтары" форумы өтті. Іс-шараны Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі, Zakon.kz интернет-басылымы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды. 2025 жылғы 23 қазанда Сенат спикері Мәулен Әшімбаев дипфейк жасаушыларды алаяқтар ретінде қатаң жазалау қажет екенін мәлімдеген еді.

Қазақстан
Астана
Алаяқтардан сақ болыңыз
Цифрлық қауіпсіздік сабақтары

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы қайғылы жағдайға қатысты көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады

Түркістан облысында болған өрттен 12 адам қаза тапты

Елордалық фельдшер, марқұм Ұлдана Мырзуан "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды

Ақмарал Әлназарова қызмет бабында қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның отбасына көңіл айтты