Спикерден ата-аналар тарапынан түскен ресми шағымдардың статистикасы сұралды.
"Шағымдарды ресми органдар тіркейді, бірақ олар бұл статистиканы бізге бермейді. Сондықтан біз өзімізге келіп түскен және өзіміз жауап берген шағымдарды ғана есептейміз. Балалардың құқығы бұзылған бірде-бір жағдай болмауы тиіс екенін білемін, бірақ шағым түссе – демек, мәселе бар. Биыл мұндай шағымдардың саны 20-дан аспайды. Бұрындары, мысалы үш жыл бұрын олардың саны 38-ге дейін жеткен. Статистиканың төмендегені байқалады, дегенмен мұндай жағдайлар мүлде болмауы керек", – деді Манара Адамова.
Оның айтуынша, департамент бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
"Жоспардан тыс тексерулер тек осы шағымдарға байланысты емес. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың сапасы – ең маңыздысы. Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ғимараттардың нормативтерге сәйкестігі бойынша да мәселелер бар", – деп толықтырды ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда балабақшалардың саны артқаны хабарланған еді.