Өткен түнде арнайы полигондарға 1 365 ауыр жүк көлігімен шамамен 20 787 текше метр қар шығарылды. 23 қаңтар күні таңғы сағаттардан бастап қар күреу жұмыстарына 3 063 жол жұмысшысы мен 1 304 арнайы техника жұмылдырылды.
Басты назар бірінші кезекте негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттарға аударылған. Кейін қозғалысы орташа аумақтар – аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар тазалануда. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде.
Аулада тазалықты сақтау пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің міндетінде. Олар аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда абай болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпауға шақырады.