Аталған норма "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға енгізілген. Құжатты бүгін Сенат қолдады.
Вице-министрдің айтуынша, бұрынғы 7 күн ішінде негізінен тек құжаттар қаралып үлгерген, ал кинотеатрларда көрсетілетін фильмдер санының артуына байланысты прокат алдындағы сараптама сапасы төмендей бастаған.
"Бұл қоғам үшін де, прокаттаушылар үшін де тиімсіз. Себебі прокат алдындағы сараптама негізінде жас шектеулері белгіленеді: 21+, 18+, 16+ және т.б. Бұл фильмнің қай уақытта көрсетілетініне тікелей әсер етеді. Мысалы, 21+ санаты берілсе, фильм тек сағат 22:00-ден кейін көрсетіледі. Сондықтан прокаттық сараптаманың мүмкіндігінше сапалы жүргізілуіне барлығы мүдделі", – деді Евгений Кочетов.
Министрлік нәтижесінде прокат алдындағы сараптаманың сапасын арттыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, заңға қайшы мазмұн, бейәдеп сөздер, зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністері тұрғысынан тексеру күшейтіледі. Сонымен бірге, вице-министрдің сөзінше, фильм өндірушілеріне құқыққа қайшы контентке қатысты тұстарды түзетуге мүмкіндік беріледі.
"Біздің ойымызша, бұл – дұрыс әрі тиімді тәсіл", – деп түйіндеді Кочетов.
Бұған дейін вице-министр Қазақстанда кейбір концерттерге тыйым салу немесе оларды тоқтата тұру нормасына да түсініктеме берген болатын.