Алматыда сталкинг бойынша алғашқы сот үкімдерінің бірі шықты

Фото: pixabay
Алматы қаласында азаматтарды қасақана қудалау мен психологиялық қысымнан қорғауға бағытталған Қылмыстық кодекстегі "Сталкинг" бабы бойынша алғашқы сот үкімдерінің бірі шығарылды.

Сотта анықталғандай, ер адам отбасылық қарым-қатынас тоқтатылғаннан кейін бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қудалаған.

Ол жәбірленушінің жүріп-тұруын бақылап, жеке өміріне заңсыз араласқан, оның еркінен тыс қарым-қатынас орнатуға тырысқан, қорқыту сипатындағы хабарламалар жолдаған, сондай-ақ жұмыс орнында және қоғамдық орындарда жанжал шығарған.

Бұған дейін оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтатпаған.

Соның салдарынан жәбірленуші үнемі үрейде өмір сүріп, бірнеше рет тұрғылықты мекенжайын және жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болған, сондай-ақ мемлекеттік қорғау органдарына қайта-қайта жүгінген.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.

Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына міндетті төлем өндірілді.

"Сталкинг — тұрмыстық жанжал да, жеке келіспеушілік те емес. Бұл — адамның қауіпсіздігіне, тыныш өмір сүру құқығына және жеке өмірінің қол сұғылмауына тікелей қауіп төндіретін қылмыстық әрекет. Аталған үкім — жаңа норманы қолдану тәжірибесіндегі алғашқы шешімдердің бірі. Ол жүйелі қудалау, қорқыту, психологиялық қысым және қорғау нұсқамаларын елемеу түптің-түбінде қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін айқын көрсетеді, — деді Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы Мұхамедәлі Сейсенұлы.

Полиция азаматтарды мұндай жағдайларға төзбеуге және дер кезінде құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

ІІМ жалған ақпарат пен арандатушылық үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті

Франция мен Испаниядағы орман өрті: мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр

Екібастұзда қоқыс жәшігінен әйел адамның дене мүшелері табылды

Алматыдағы Саин көшесінде болған жол апатынан екі адам зардап шекті

Елімізде білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделі жөніндегі пилоттық жоба іске қосылмақ