Қазақстан бюджеті мұнайға тәуелділіктен арылып келеді: 2025 жылдың қорытындысы

Фото: Zakon.kz
2025 жылы ел экономикасы 6,5 пайызға өсіп, бюджетке 26,9 трлн теңге көлемінде салық түсті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға көп. Маңыздысы – өсім мұнай саласының есебінен емес, нақты сектордың дамуы нәтижесінде қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Кәсіпкерлік есебінен түскен кіріс

Бюджетке негізгі үлесті қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығы қосты. Бұл қазақстандық кәсіпорындардың табысы артқанын және халықтың ішкі сұранысы өскенін көрсетеді. Ал мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуіне байланысты біршама азайды. Осылайша, ел кірістерінің құрылымы ресми түрде мұнайдан тыс көздерге қарай ойысты, делінген Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының кезекті есебінде.

Ұлттық қор: инвестицияға басымдық

Мұнай бағасының құбылмалылығына қарамастан, Ұлттық қор активтері бір жыл ішінде 8,6 пайызға өсіп, 63,9 млрд АҚШ долларына жетті. Бұған әлемдік қаржы нарығындағы қолайлы жағдай оң әсер етті. Тиімді басқарудың арқасында шамамен 8 млрд доллар көлемінде инвестициялық табыс түсіп, бұл бюджет қажеттіліктеріне алынған қаражат көлемін жапты.

Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс Қазақстанның шикізатты тікелей сатудан түсетін табысқа тәуелділікті азайтып, капитал мен кәсіпкерліктен түсетін кірісті арттыруға бейімделіп келе жатқанын көрсетеді.

Тұрақтылыққа жаңа тәсілдер

Экономика мен кірістердің өсуі әлеуметтік міндеттемелер мен инфрақұрылымға салынатын инвестициялардың артуымен қатар жүрді. 2025 жылы мемлекет білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және өңірлердің көлік желісін дамытуға қомақты қаражат бөлді.

Белсенді даму нәтижесінде борыштық жүктеме де ұлғайды. Бюджет тапшылығы мен ағымдағы жобаларды қаржыландыру үшін 8,7 трлн теңге көлемінде қарыз тартылды. Алайда сарапшылар мұны жаңа қаржылық модельге өтудің кезеңі ретінде бағалап отыр.

2026 жылы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді шамамен екі есеге қысқартып, 2,8 трлн теңгеге дейін азайту жоспарланған. Бұл бюджеттік саясатты ынталандырушы сипаттан неғұрлым ұстамды әрі тұрақты бағытқа көшіру жолындағы маңызды қадам болмақ.

2026 жылы қазынаны не күтіп тұр?

Сарапшылардың болжамы оң. Қосылған құн салығы түсімдерінің, кәсіпорындар табысының артуы және жұмыс орындарының көбеюі есебінен кіріс базасы кеңейе береді деп күтілуде.

2026 жылы әрбір жұмсалған теңгенің тиімділігіне баса назар аударылады. Міндеттемелерге қатаң бақылау енгізу бюджеттің мұнай бағасына тәуелділігін біржола азайтып, елдің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2026 жылғы 10 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қолданыстағы бюджеттік бағдарламаларға жан-жақты тексеру жүргізуді және мемлекеттік қаржыландыруға ұсынылатын жобаларды іріктеу тетігін жетілдіруді тапсырған болатын.

Алматы
Шымкент
Қазақстан
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстан арнайы мақсаттағы бөлімшелері командалары Дубайдағы жарыстың бірінші күнінде жаппай топ жарды

ЖТС мөлшерлемелері, мүгедектігі бар адамдарға арналған жеңілдіктер: жаңа Салық кодексінде не қарастырылған

Қазан айында Алматыда электр қуатының бағасы өсуі мүмкін

Синоптиктер еліміз бойынша 8 ақпанға арналған ауа райы болжамын жариялады

Алматыда ашық аспан астында әскери техникалар музейі ашылды - фоторепортаж