Сот 6 дауыспен 3-ке қарсы тарифтердің федералдық заңмен рұқсат етілген деңгейден асып кеткенін мәлімдеді. Көпшілік ұйғарымын Жоғарғы сот төрағасы Джон Робертс жазды. Алайда сот бұрын жиналған баж салығының тағдырына қатысты нақты түсініктеме берген жоқ. Оның көлемі 130 млрд доллардан асады, деп жазады CNN (20 ақпан 2026 жыл).
Шешім мәтінінде президент тарифтерді "шектеусіз көлемде, мерзімде және ауқымда" енгізу үшін төтенше өкілеттіктерге сүйенгені айтылған. Дегенмен сот мұндай шаралар үшін Конгрестің нақты рұқсаты қажет екенін атап өтті. Әкімшілік сүйенген өкілеттіктер "жеткіліксіз" деп танылды.
Трамп бұл жаңалықты Ақ үйде губернаторлармен кездесіп отырған кезде естіген. Кездесуге қатысқандардың бірінің айтуынша, жазбаны оқығаннан кейін ол болған жағдайды "масқара" деп атап, залдан шығып кеткен.
Кейін өткен баспасөз мәслихатында президент шешімді, соның ішінде өзі тағайындаған екі судьяны да сынға алды. Ол "көңілі қалғанын" айтып, сотқа "ел үшін дұрыс қадам жасауға батылдық жетпеді" деді.
Трамп балама шаралар қабылдауы мүмкін екенін, соның ішінде 10 пайыздық жаһандық баж салығын дереу енгізуді қарастырып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол бастапқы жоспардан да "қатаң қадамдарға" баруы ықтимал.
CNN мәліметінше, сот тек Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңды қолдану тетігін жарамсыз деп тапқан. Алайда басқа да құралдар сақталып отыр: 1974 жылғы Сауда туралы заң, 1962 жылғы Сауданы кеңейту туралы заң және 1930 жылғы Тариф туралы заң. Олардың кейбірін Трамп бірінші президенттік мерзімінде пайдаланған. Мәселен, 1974 жылғы заңның 122-бабы белгілі бір жағдайларда 150 күнге дейін 15 пайызға дейінгі баж салығын енгізуге мүмкіндік береді.