Оның сөзінше, биылдан бастап тұрғын үй нарығына 2000-жылдардың басында туған қазақстандықтар белсенді түрде шыға бастайды.
"2000 жылы елімізде 222 мың бала дүниеге келді, ал 2007 жылы бұл көрсеткіш 321 900-ге жетті. Бұл сандарды мен жақсы білемін, себебі демография мәселесімен айналысамын. Яғни жеті жыл ішінде жыл сайын 20–25 мыңға өсім болды. Қазір сол жастар еңбек нарығына және тұрғын үй нарығына шығып жатыр. 2000 жылы туғандардың жасы қазір 26–27-де, сондықтан олар тұрғын үйге жоғары сұраныс қалыптастырып отыр. Өткен жылы біз 20,5 млн шаршы метр тұрғын үй салдық – бұл 150 мыңнан астам пәтер. Соған қарамастан, сатылым әлі де жалғасып жатыр", – деді Ибрагимова.
Ол сондай-ақ 2009 жылға дейін демографиялық өсім жоғары болғанын, бұл некелер санының статистикасынан да көрінетінін айтты.
"Қазақстанда жыл сайын 120–130 мың неке тіркеледі. Өткен жылы ең төмен көрсеткіш болды – 114 мың неке. Ал жаңа отбасы құрылғанда ең бірінші кезекте тұрғын үй мәселесі туындайды. Сондықтан 2000–2009 жылдардағы демографиялық өсім, яғни балалардың дүниеге келуі, тұрғын үйге сұранысқа қатты әсер етеді. Бұл үрдіс 2026–2027 жылдары да жалғасады", – деді ол.
Ибрагимованың пікірінше, тұрғын үй бағасының төмендеуі күтілмейді.
"Мұны нақты айта аламын. Әрине, түрлі факторлар әсер етеді. Екінші нарықта баға біршама тұрақтауы мүмкін. Ал бастапқы нарықта көп нәрсе құрылыс материалдарының құнына және жалақы деңгейіне байланысты болады. Бірақ демографиялық деректерге қарап, бағаның төмендеуін күту қиын", – деді Ләззат Ибрагимова.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жазғанбыз.