Мәжіліс төрағасы: Қазіргі алмағайып кезеңде парламенттік дипломатияның рөлі арта түсуде

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі
Түркияның Ыстанбұл қаласында Парламентаралық Одақтың 152-ші Ассамблеясы өтті. Жиынға әлемнің 155 елінен делегаттар қатысып, "Болашақ ұрпақ үшін үміт ұялату, бейбітшілікті нығайту және әділдікті қамтамасыз ету" тақырыбын талқылады.

Қазақстан Парламенті делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды.

Жаһандық саммитте Мәжіліс төрағасы сөз сөйледі. Палата төрағасы қазір біз халықаралық құқықтың беделі әлсіреп, қақтығыстар шиеленіскен, экономикалық дағдарыстар белең алған күрделі де тұрақсыз әлемде өмір сүріп жатқанымызды алға тартты.

Ерлан Қошанов мұндай алмағайып кезеңде парламенттік дипломатияның рөлі арта түсетінін атап өтті. Парламентаралық диалог мемлекеттер арасындағы құрмет пен сенімді, ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық құқықтың мүлтіксіз қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан бүгінгі "Болашақ ұрпақ үшін үміт ұялату, бейбітшілікті нығайту және әділдікті қамтамасыз ету" тақырыбы бүкіл әлем парламентарийлеріне жолдаған үндеу екенін айтты.

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі

"Қазақстан әрдайым Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң сақтауды, ашық әрі сындарлы диалогты, жанжалдардың бейбіт жолмен реттелуін қолдайды. Бұл – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәйекті іске асырып келе жатқан еліміздің сыртқы саясатының іргелі қағидаттары. Біздің мемлекетіміз белсенді түрде бейбітшіл саясат ұстанып келеді. Астана мен Алматы бірнеше рет келіссөздер алаңына айналғаны өздеріңізге мәлім. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиялары құрамында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосып отыр", – деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан биігіндегі атысты тоқтату режимін сақтауға, жағдайды тұрақтандыруға үш жылдан бері атсалысып келе жатқанына назар аударды.

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс спикерінің айтуынша, бүгінде Орталық Азия өңірдегі үйлесімді және көпвекторлы дипломатияның үлгісін көрсетуде. Аймақтағы елдердің арасында шекара мәселесі толық реттеліп, гидроэнергетика, көлік, логистика салаларында ортақ ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асып жатыр. Сол жұмыстың бәріне Қазақстан Парламенті тікелей атсалысуда.

Бұдан бөлек, Қазақстан Орнықты даму саласындағы күн тәртібінде тұрған мәселелердің бәрін сапалы орындауға тырысып келеді. Парламентте Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуын бақылау жөніндегі арнаулы комиссия жұмыс істейді.

Сонымен бірге Қазақстан азық-түлік пен су қауіпсіздігіне, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу жайттарына ерекше көңіл бөліп отыр. Келесі аптада Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Бұл форумда су ресурстарын басқару, "жасыл" экономикаға көшу және өңірдегі тұрақтылықты нығайту жөніндегі практикалық шешімдер ұсынылады деп жоспарлануда.

Мәжіліс төрағасы бүгінгі пікірталастың негізгі түйіні әділет ұғымы екеніне ерекше мән беріп, қазіргі уақытта бүкіл әлемде әділдікке деген сұраныс жоғары екенін атап өтті. Бұл ең алдымен, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастарға қатысты.

"Осы сұранысқа жауап ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құруды өз мандатының басты мақсаты ретінде белгіледі. Бұл мақсатты іске асыру үшін елімізде ауқымды саяси реформалар қолға алынды. Таяуда референдум арқылы жаңа Конституция қабылдануы – мемлекеттік институттарға, Президент реформалары бағдарына деген сенімнің дәлелі. Ата Заңның бүкіл мәтінінде адам мүддесі бірінші орынға қойылды. "Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін" деген қағидат Конституция деңгейінде айқындалды. "Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет" арасындағы теңгерім бекітілді. Осы реформалар аясында біз қос палаталы Парламенттен бір палаталы жүйеге көшеміз", – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы әріптестеріне елдегі реформалармен бірге Қазақстан Парламенті қабылдаған заңдар туралы да айтып берді. Парламент жаһандық өзгерістерге сай Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы арнаулы заң қабылдады. Бұл құжаттарда жасанды интеллектіні пайдалану кезіндегі ашықтық, қауіпсіздік, жауапкершілік қағидаттары бекітілген. Ерлан Қошанов атап өткендей, заңды әзірлеу барысында технологиялық прогресс пен азаматтардың құқығын қорғау арасындағы теңгерім де барынша сақталды.

Жиын қорытындысы бойынша Түркия Президенті Режеп Таийп Ердоған әлемнің түкпір-түкпірінен келген Парламент спикерлерімен кездесіп, Ассамблея жұмысына белсене атсалысқаны үшін баршаға зор алғысын білдірді.

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі

Жаһандық саммит аясында Мәжіліс спикері шетелдік әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді.

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы НуманКуртулмушпен кездесуде Ерлан Қошанов Парламентаралық Одақ Ассамблеясын өткізу арқылы Ыстанбұл өз тарихында төртінші рет әлемдік парламентаризмнің жаһандық астанасына айналып отырғанын атап өтті.

Әңгімелесу барысында олар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады. Тараптар екі бауырлас елдің басшылары арасындағы мызғымас достық пен сыйластық баршаға үлгі екеніне назар аударып, көшбасшылардың уағдаластықтарын заңнамалық тұрғыда жүзеге асыратынын айтты.

Қос спикер партияаралық әріптестікке де көңіл бөліп, сауда-саттық, инвестиция, өнеркәсіп, көлік-логистика, туризм салаларындағы ықпалдастық жайын сөз етті.

Ал қырғыз әріптесімен кездесуде Ерлан Қошанов Марлен Маматалиевті Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш төрағасы лауазымына сайлануымен құттықтап, Қазақстан бауырлас елмен парламентаралық ықпалдастықты нығайтуға үлкен мән беретініне тоқталды.

Тараптар Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі, достық тобы мен бейінді комитеттер аясындағы жұмысты ілгерілетуге келісіп, сауда-экономика, мәдениет, білім берумен қатар, шекара және көлік-транзит саласындағы іс-әрекетті кеңейту мәселелерін ортаға салды.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері әріптесіне елімізде іске асып жатқан Президент реформалары туралы мәлімет берді.

Вьетнам Социалистік Республикасы Ұлттық Жиналысының төрағасы Чан Тхань Манмен кездесуде Ерлан Қошанов Қазақстан бұл елмен ықпалдастықты барлық салада күшейтуге мүдделі екенін жеткізді. Соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты тереңдетуге айрықша көңіл бөлініп отыр.

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі

Тараптар қазіргі күрделі кезеңде парламенттік дипломатияның әлеуетін барынша пайдалануға шақырып, 152-ші Ассамблея ашық әрі сындарлы диалог арнасында өткенін және ортақ мақсаттарға жол ашқанын атап өтті.

Сонымен қатар, Мәжіліс спикері форум алаңдарында Армения, Әзербайжан, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Грузия, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан парламенттері төрағаларымен парламентаралық диалогты тереңдету мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Сондай-ақ ТүркПА-ға мүше елдер парламенттері делегацияларының басшылары жұмыс кездесуін өткізді.

Қазақстан депутаттары негізгі сессиядан бөлек, орнықты даму, бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне арналған тұрақты комитеттердің отырыстарына қатысты.

Ақпарат үшін: Парламентаралық Одақ – 1889 жылы құрылған ең ірі халықаралық парламенттік ұйым. Оған 183 елдің парламенттері кіреді. Қазақстан 1993 жылдан бастап Парламентаралық Одақ Ассамблеясына мүше.

Парламентаралық Одақ Ассамблеясы парламенттік дипломатияға ықпал етеді және парламенттер мен парламентшілерге бүкіл әлемде бейбіт саясатты, демократияны және тұрақты дамуды ілгерілету өкілеттіктерін береді.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі