Таратылған хабарламаға сәйкес, 22 мамыр күні сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының аумағында авиациялық оқиға кезіндегі іс-қимылдарды пысықтауға арналған жоспарлы оқу-жаттығу өтеді.
"Оқу-жаттығу барысында әуежайдың авариялық-құтқару қызметі Астана қаласының ТЖД, өрт сөндіру бөлімшелері, жедел-құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығы, 103 қызметі және әуе компанияларымен бірлесіп төтенше жағдай кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібін пысықтайды. Жаттығу кезінде әуежай аумағында арнайы техника, өрт сөндіру көліктері мен жедел қызмет мамандары болуы мүмкін", – делінген хабарламада.
Жолаушылар мен қала тұрғындарынан сабыр сақтап, өткізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарау сұралды. Әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, 2026 жылғы 21 мамырда Астана әуежайында терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізілген болатын.