Министрдің айтуынша, биыл алғаш рет балалардың сауықтыру және демалысын ұйымдастыруға арналған арнайы қағидалар бекітілген. Осы құжатқа сәйкес, жазғы маусымға лагерьлердің дайын екенін тексеруге бірқатар мемлекеттік органдар қатысады. Олардың қатарында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, төтенше жағдайлар қызметі, полиция, әкімдік және білім басқармалары бар.
"Демалыс орталықтарында жұмыс істейтін мамандардың сапасына ерекше назар аударылады: әр қызметкер соттылық бойынша тексеруден өтеді. Сонымен қатар мамандардың біліктілігін арттыру үшін курстар мен семинарлар ұйымдастырылады. Жазғы демалысты ұйымдастыруға 120 мың педагог-ұйымдастырушы және 12 мыңнан астам студент пен волонтер тартылады", – деді министр.
Оның айтуынша, балалардың жазғы демалысы қауіпсіз әрі сапалы өтуі үшін кері байланыс және жедел көмек жүйесі күшейтіледі. Білім басқармалары жанынан құрылған колл-орталықтар ата-аналар мен азаматтардың өтініштерін қабылдайды. Сонымен қатар "111" байланыс орталығы жаз мезгілінде күшейтілген режимде жұмыс істейді.
"Барлық білім беру ұйымдарында балалардың көмек сұрауына арналған QR-кодтар орналастырылады", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Жалпы, министрдің айтуынша, жазғы демалыс кезінде 11 135 демалыс орталығы жұмыс істейді. Ал 3,2 миллион бала демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады.
Республикалық "Балдәурен" және "Бөбек" орталықтарында халықаралық және республикалық олимпиадалардың, IT, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатарындағы 5 мың бала демалады. Аймақтарда осындай қолдау 370 мың дарынды балаға көрсетіледі.
Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала, ерекше білім беру қажеттілігі бар 53 мың бала және педагогикалық қолдауды қажет ететін 17 мың бала жазғы демалыспен қамтылады.
Бұған дейін мектептерде қорытынды емтихандар қашан басталатындығын жазғанбыз.