Бұл туралы 2026 жылы 7 маусымда ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады:
"Беделді халықаралық университеттер талапкердің академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қабілеттері мен қоғамдық белсенділігін жоғары бағалап, оқу және гранттық мүмкіндіктер ұсынған. Нұрәлі Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге қажетті академиялық дайындық деңгейін көрсетті".
Ведомство мектеп қабырғасында Медина үздік оқушылардың қатарынан көрініп, ғылыми, зияткерлік және қоғамдық жобаларға белсенді қатысқанын, ағылшын тілі пәнінен "Жасанды интеллект – ғылыми зерттеудің жаңа мүмкіндіктері" тақырыбындағы республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын иеленіп, республикалық "Ой зерек" олимпиадасының жеңімпазы атанғанын да нақтылайды.
"Қазіргі таңда Нұрәлі Медина өзіне ұсынылған көптеген мүмкіндіктің ішінен Оңтүстік Кореядағы Inha University университетін таңдауға ниет білдіріп отыр. Ол сапалы халықаралық білім алып, болашақта жинаған тәжірибесі мен білімін ел игілігіне жұмсауды мақсат етеді", делінген хабарламада.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде қандай мамандықтарға грантқа түсу мүмкіндігі жоғары екенін айтып, өз ойымен бөліскен болатын.