Алматыда полиция қызметкерлері азаматтың өмірін сақтап қалды

Фото: Zakon.kz
Алматы қаласында полиция қызметкерлері азаматтың өмірін сақтап қалып, қайғылы жағдайдың алдын алды.

Оқиға туралы хабарлама кешкі уақытта "102" арнасына келіп түскен. Хабарламада Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ер адамның 16-қабаттағы балконның сыртқы жағында тұрғаны және кез келген сәтте құлап кету қаупі бар екені айтылған.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері, оның ішінде "Буран-407" және "Буран-414" патрульдік экипаждары жедел түрде жетті. Жағдайдың күрделілігін бірден бағамдаған тәртіп сақшылары азаматпен байланыс орнатып, оның назарын басқа арнаға бұруға және уақыт ұтуға күш салды.

Қолайлы сәт туған кезде полиция қызметкерлері батыл әрі жедел әрекет етіп, ер адамды ұстап қалып, қауіпсіз жерге шығарды. Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық бөлімшесінің бастығы Айдын Әбілдің айтуынша, бұл жағдайда әр секунд шешуші рөл атқарған.

"Хабарлама "102" қызметі арқылы келіп түсті. Біз дереу оқиға орнына жеттік. Ер адам балконның сыртқы жағында тұрғандықтан жағдай өте қауіпті болды. Әріптестеріммен бірге онымен сабырлы түрде сөйлесіп, тосын әрекеттерге жол бермеуге тырыстық. Бір сәтте арақашықтықты қысқартып, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік туды. Сол мезетте оны қауіпсіз жерге алып шықтық", – деді Айдын Әбіл.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адам ауыр эмоциялық күйде болған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Полиция департаментінің мәліметінше, қызметкерлердің үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылының арқасында адам өміріне төнген қауіптің беті қайтарылып, қайғылы салдардың алдын алу мүмкін болды.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

"Бірнеше өңірде күн күрт суытады". Еліміз бойынша 26 қазанға арналған ауа райы болжамы

Астана мен Алматыдағы ақша айырбас орындарындағы валюта бағамы - 25 қазан

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

Бурабайда тау басына шыққан ер адамның денсаулығы нашарлап, құтқару жасағы аяғынан тік тұрды