"Мой город" басылымының жазуынша, 2026 жылғы 17 маусымда өткен кезекті Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Ақжайық ауданының Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зинуллинге қатысты тәртіптік іс қаралған.
Полиция қызметкерлері оны жұмыс уақытында қызметтік көлікті мас күйде басқарып жүрген жерінен тоқтатқан.
БҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаировтың айтуынша, оқиға биылғы 12 наурызда болған. Әкімнің өзіне қарасты Чапаев ауылдық округінде оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
"Біз тұрақты түрде сот шешімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргіземіз. Бұл жағдай туралы әкімшілік құқық бұзушылықтар базасынан білдік. Бірінші сатыдағы сот оның пайдасына шешім шығарды. Алайда апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойды", – деді Дәурен Хаиров.
Нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңес Биболат Зинуллинді қызметінен босатуды ұсынды. Белгілі болғандай, құқық бұзушылық жасаған кезде оның тәртіптік жазасы болған. Оған бұған дейін қызметтік міндеттерін толық орындамауына байланысты ескерту берілген.
Өткен жылдың қазан айында Әдеп жөніндегі кеңес оның ісін де қараған болатын. Сол кезде ол құрылысы аяқталмаған нысан үшін бюджет қаражатын аударған.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында үш көлік қатысқан жантүршігерлік жол апатынан екі әйелдің қаза тапқаны хабарланған еді.