Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы +30...+38 градусқа дейін көтеріледі.
"21-22 маусым күндері Қазақстанның солтүстік-батысында және орталық өңірлерінде ауа температурасы +40...+41 градусқа дейін жететін қатты ыстық күтіледі", – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.
Болжамға сәйкес, тек еліміздің батысында ғана аптап ыстықтың беті қайтып, ауа температурасы +22...+33 градус шамасында болады.
Сонымен қатар демалыс күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады. Кей жерлерде жел күшейіп, бұршақ түсуі мүмкін.
"21-22 маусым күндері еліміздің батысында қатты жаңбыр жауады деп күтілуде", – деп мәлімдеді синоптиктер.
Бұған дейін мамандар шілде айында Қазақстанның кей өңірлерінде ауа температурасы +50 градусқа дейін жетуі мүмкін екенін ескерткен болатын.